АР, ОЖДАН, РУХ – ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ҰСТЫНЫ

Бүгінгі қазақ әдебиетінің көшін бастаған ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбайдың жаңа кітабы жарық көрді. “Ойтұмар” деп аталатын жаңа туындыны рухани жаңғырудың негізін  айқындайтын дүние десек болады.

Қазағына шын жаңашырлығын Абайша айтуды мақсат еткен. Жүректен шығып жүрекке жеткен ой толғау.

Ақын ой түйіндеуді сырғытпа сөзбен алдамшы етпей, шындықты айтады.

Ақын өзі айтқандай жаңғыруды емес, жаңаруды өзекті мәселе етіп көтереді. Бұл Мемлекет басшысының ұстанымымен де, елдің тыныс-тіршілігімен де қабысатын дүние. Ақын ойлы көзбен қараудан түйгендерін сергектікпен саралай отырып, оқырман қауымға ұсынады.

И.Сапарбайдың бұл кітабы оқырманымыздың көңілінен шығып, жұрт қолынан түспейтін құнды дүниеге айналатыны күмәнсіз деп білеміз. Төл перзентіміздің туындысынан оқырманды хабардар етуді жөн көрдік.

“Қазақстан жолы” газетінің редакциясы.

 

Көп адамдар бақ пен дәулетті не сарылып күтеді, не сабылып іздейді. Сабыр кем, саябыр аз. Апыр-ау, бақ-дәулет қана емес, Сізді өзі іздеп келетін Алланың нығметі аз ба еді? Ол үшін алдымен ойлы әрекет, ақылды қадам, секемсіз сенім, сергек ұйқы керек емес пе?!

*   *   *

Ар, Ождан, Рух – ұлттың ұлы ұстыны. Нақтылай түссек – үлкен үйдің үшемі. Өнемін, өсемін, көгеремін, көктеймін деген елдің еңсесі осы үшеуімен үстем. Мұны ескермеген, не естен шығарған ел-жұрт жүдеу-жадау, жұпыны-жұтаң, жолдың шаңы, көштің соңы…

*   *   *

Кеңдік пен Кешірімшілдігің – кемелдіктің белгісі емес пе еді? Абай алға салған, Иассауи хикметінің күре тамырына айналған «кемел адам» кейпі ұлттық келбетімізге неге сай келмей жатыр? «Бас-басымызға би болғымыз» кеп тұратын кеселімізден құлан таза айығатын күн бар ма? Неге би екеу болса, дау төртеу болмақшы? Дауласпаудың, жауласпаудың амалы қайсы? Қазіргі қазақ осыған бас қатырса игі.

*   *   *

Өркениет өміршеңдігін өз рухында жаңғыртып, өз ұрығында жасартып, өз жатырында өсіріп, түбегейлі түлетпеген елдің ескен желдей, аққан селдей ұлы көшке ілесе қоюы екіталай.

*   *   *

Ақабада су қалмаса – арықтың соры. Айтыларға сөз қалмаса – халықтың соры. Су тартылса – табиғат азады, сөз сарқылса – жамиғат азады.

*   *   *

Қытай, Жапония, Корея елдеріндегі мемлекеттік қызметтегі шенеуніктер міндетті түрде әдебиет, тарих пәндерінен     емтихан немесе интеллектуалды білім, білік деңгейін байқау сынағын тапсырады.

Біздің әкім қараларға да осы қарар қажет-ау…

*   *   *

Адам баласына Өмір қымбат. Мәңгілік болған соң да. Ал Өлім қорқынышты. Шектеулі болған соң да. Сол себепті Тәубе, Шүкір, Қанағат ұғымдары әр ауызда әрқалай айтылады. Бай байбаламшыл, кедей тәубешіл. Байдың байбаламшылдығы пиғылында. Кедейдің тәубешілдігі пейілінде. Алғашқысы өзін де сыйлайды, өмірді де қимайды. Өзін сыйлайтыны – оған жан тәтті. Тәтті болған соң да жанын қоярға жер таппайды. Ақша, байлық, дүние, мүлік өлімді жек көру синдромын туғызбай қоймайды. Өзімшілдік эгоизмі осыдан келіп қалыптасады. Бай малынан, патша тағынан айырылғысы келмесе, құбақан құл тұрмақ, құдайды неғылсын?! Бар байлықты бауырға басу, зертханаларда қолдан ұрық жасау, өлмейтін өмірге ұмтылу – Алланың көзінше күнәға белшеден бату. Бай азғындаса, кедей тозғындаса, жазмыштан озмышқа лайықты жаза кешпегенде қайтсін. Өркениет өзімшілдігі дегеніміз осы.

*   *   *

Мінез-құлық күнделікті өмірде екі түрлі сипатта көрініс табады: біріншісі – дархан: тәрбиелі, танымды, білімді, жан-дүниесі жайдарман. Екіншісі – тарпаң: өзімшіл, өркөкірек, менмен, өгей. Екеуінің қосылған жерін «Көсегенің көк жоны» емес, «Қосабаның түбі» десек, көбірек жарасар.

*   *   *

Күпірлік пен Шірк індетіне шалдыққан қоғамда күштілер әлсіздерді, ұлықтар қаймана халықты адам құрлы көрмейді. Шіркке негізделген қоғамда әркім ойына не келсе, соны істейді. Қазақы қауымның қазіргі хал-ахуалы осыны қапысыз аңғартады.

*   *   *

Өзеуреген өзімшілдіктен өлермендік өніп шығады. Ал ол дегеніңіз қатерлі ісіктен де қауіпті!

*   *   *

Алланың әмірі шексіз. Оның іс-әрекетін адам (пенде) түсініп болмайды. Ол бізді бойымыз-

дағы жақсылығымыз бен жамандығымыз үшін де, кемшілігіміз бен кеңшілігіміз үшін де жазаламайды. Жазықсызбын дегені үшін де Жаратқан алдында жан иесі жазалы.

*   *   *

Жатыпатар жалқаулар айтып жүрген өсек-аяңға біздің қалта аулар әзілкештер әрең жетті. Ұят-ай!…

*   *   *

Биліктегілер өздерін биіктемін деп ойлайды. Солай ойлаған соң да бірде болмаса, бірде бастары айналады. Басы айналған адам, әрине, құлайды. Құздан құлаған құлжадай. Ол құлаған соң алаңдардағы ескерткіштер де құлайды. Тұғырынан. Тұғырға басқа біреу қонады, дұрысы – қонжияды…

Біз білетін «Перпетуум мобиленің» бір сықпыты осындай.

*   *   *

Жер – адамның игілігі болғанымен, Алланың иелігі екенін аз күнде ада-күде ұымытып шыға келдік. Осыншама азғындайтындай, Құдай-ау, бізге не көрінді?

*   *   *

«Түске дейін халықпен бол,

Түстен кейін Хақпен бол» дейді Имам Бұхари өз хадисінде. Ал қазекем «Халық – Хақтың жердегі аты» дейді. Арғы жағын парасат-пайым иесі өзі-ақ ұғып алар.

*   *   *

Алла Тағала Иманды жаратқанда, Иман: «Я, Пәруәрдігар, маған әл-дәрмен, күш-қуат бере гөр!» дейді. Сонда Құдірет иесі оған нұрлы кескін, сұлу сипат, әрлі әдеппен қоса күш-қуат сыйлайды. Алла Тағала Күпірді жаратқанда, Ол да: «Я,Пәруәрдігар, маған да күш-қуат дарыта гөр!» дейді. Сонда Жаратушы Күпірдің пейіл-пиғылына лайық оған жарамсыз құлық пен жағымсыз бақастықты бұйыртады.

Хадис шәріптегідей: «Пейлі тар, іші һарам адамға Пейіште орын жоқ!» болуы осыдан.

*   *   *

Сана мен Рух біріккенде ғана адам бойында Ар мен Ождан оянып, Ерлік пен Өрлік өре түрегеледі.

*   *   *

Ес – ақылдың алғашқы нышанасы. Есі кірген бала ақыл есігінен аттайды. Ақылы толысқан бозбала (бойжеткен) кәмелетке енеді. Кәмелетке ену – кәдеге жарау, санатқа қосылу. Сана-сезім де осы тұста қалыптасады. Сана көкіректе ұяласа, сезім жүректен жай алады. Абайдың «көкірек ояу, көзі ашық…» дейтіні осыдан. Сана – ақыл-естің көкірек ішіндегі көрінісі.

*   *   *

Бізде қазір кәде аз да, уәде көп. Бұрын керісінше болатын. Уәде ердің құны еді. Кәденің азайғаны – пейілдің тарылғаны, уәденің көбейгені – ердің азайғаны.

*   *   *

Біз отаншыл бола аламыз ба? Оны ханнан да емес, патшадан да емес, Жансарайыңызда жасырынып жатқан өз Ожданыңыздан сұраңыз!

*   *   *

Ұлттық идея ұйысқан, қалыптасқан, аяғын анық басқан қауымда ғана болады. Мемлекеттік мерей мен халықтық қадір-қасиетке, елдік еңсегейлік пен есендікке жеткізетін де сол! Патшамыз да, басқамыз да сол Идеяға жүгінбесек, жұмылмасақ, жегілмесек, ергежейлі ел қалпында ұсақтағанымыз ұсақтаған!… Ергежейліні кім елесін?! Ұсақты кім ұлықтасын?! Ешқашанда!!!

*   *   *

Сонау ерте заманда-ақ Ибн-Ғыптан дейтін ғұлама: «Түркілер – ақжарқын, ашық келеді. Бірақ шеттерінен билікті, содан соң қошеметті тәуір көреді. Бұл – олардың қанына сіңген әдет» деген екен. Одан бері де нешеме ықылым заман өтті… бұған алып-қосарыңыз бар ма? Әй, қайдам-ау, «Ауру қалса да әдет қалмайды» демекші…

*   *   *

Қызылкөз қызғаныштан, ілікшіл іштарлықтан келіп Алланың қаһарлы қарғысына ұшыраған Сайтан әулеті лағынет қамытын киіп осы күнге дейін Алланың көзіне тура қарай алмай, есесін Адам ата мен Хауа ана ұрпағынан алып жүр. Шайтан азғырғанда – адам іші алатайдай бүлінеді. Шайтан түрткенде – отбасының ойран-топаны шығады. Сайтан сақылдап күлгенде – сабырда сес қалмайды, сайқалда ес қалмайды.

*   *   *

Адамның ашулы кездегі кейпін көргім келмейді, көрсем, Жаратушы жарықтықтың оны «сүйіспеншілікпен жараттым» дегеніне сенгім келмейді.

*   *   *

Кешегі-бүгінгі урбанизация үрдісі қала қазағын қазымыр, қатыгез қалыпқа қамап тынса, ауыл қазағын қан қақсатып, қаңтарып, қаңғыртып, қақпақылға салып қойды. Осылай бола берсе, «Ақындар ауылда туып, астанада өледі» деген айтулы афоризмнің де аяғы көктен келетін шығар.

*   *   *

Ген, Қан – бәрі бір сөз. Жан Алланікі, Қан адамдікі. Рас, хайуанда да қан бар. Қалаңыз-қаламаңыз, мақұлық болса да, олардың қаны адамға қарағанда анағұрлым таза. Таза екен деп текті деуге тағы болмайды. Тектілікті қазақ баласы тек жалқыға ғана қиған. «Сұлу ат, жақсы қатын – ер қанаты» дейтіні содан. Тектіліктің жадында да, жатырында да тазалық жатыр. Адамның азғындауы тобырлық тозғындауға әкеліп соғады. Тобымен тобыр дейтін обырға тоғытылған ұлт ешқашанда есі бүтін елге айнала алмайды. Жан үзілсе – Жаһанға ұшады. Қан бұзылса – жапанға лағады. Абайға құлақ асыңыз: «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ». Қабылдамасқа шараңыз жоқ: Адам ата – Хауа анадан бәрі адам адамға қандас, қардаш, кардаш, қарындас. Қасиет те, қасірет те қанда! Ұлт басына төнген сонау бір қиын-қыстау, сын сағатта Мұстафа Кемал Ататүрік түрік жастарына: «Сен мұқтаж болып тұрған күш-қуат алпыс екі тамырыңдағы асыл қаныңда бар!» деген екен.

Иә, азат қан ғана асыл!!! Масыл тәнде асыл қанның азат ғұмыр кешуі мүмкін емес!

 

 

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.