Ахметов асқан асулар

Шардара ауданына қарасты Қызылқұм ауылында тұратын Сапаралы Ахметов ағамызды көпшілікке таныстырып жатудың өзі артық. Үнемі қоғамдық жұмыстардың бел ортасында, елдің өсіп-өркендеуі үшін тер төгіп жүретін Сапаралы Әбдірахманұлын әсіресе ауыл тұрғындары ерекше құрмет тұтады.

Биыл алпыстың үшіне шығып отырған ағамыздың өмір дерегіне көз жүгіртетін болсақ, біраз белестерді бағындырғанын байқаймыз. 1979 жылы Шардара ауданы Қызылқұм ауылындағы осы аттас мектепті бітірген соң «ПМК-22» мекемесінде қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастайды. Сол кездегі үрдіс бойынша бір жылдан кейін, яғни 1980 жылы Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтына жолдама беріледі. Аталған оқу орнының екінші курсында оқып жүргенде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскерге шақыртылады. Екі жыл әскер қатарында болып келген ол оқу орнын жалғастырып, 1988 жылы қолына диплом алып шығады.

Осы жерде Сапаралы Әбдірахманұлының бір оқу орнын ұзын-ырғасы сегіз жылда бітіріп шыққанында үлкен мән жатыр. 1986 жылы желтоқсанда Алматыдағы бас алаңда болған жағдай, жасыратыны жоқ, жалындап тұрған қаншама жастың тағдырына біраз әсер еткені бар. Яғни, өз елінің болашағы үшін, тілінің тағдыры үшін, қазақ ұлтының намысы үшін орталық алаңға жиналған жастардың барлығы дерлік нағыз уызына жарығандар десек, жарасады. Әрине, өз ұлтының тағдыры шешілетін тұста бас сауғалап бұғып қалғандар да, болмашы бір нәрсені сылтауратып сытылып шығып шеттеп қалғандар да бар шығар, бірақ нағыз ер мінезді, кесек тұлғалы, өр рухты азаматтар сол сәттерде бас алаңнан табылды. Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған азамат та сол сапта, сол ортада төбе көрсетіп жүргенін бүгінде құрметпен айтуымызға болады. Алаңға шыққаны үшін азапқа түсіп, жауапқа тартылғандардың арасында әу бастағы позициясынан айнығандары бар бар шығар, бірақ біздің кейіпкер әуелгі кесек мінезін әліге дейін сақтап келеді. Сақтағаны ғой, бүгінгі бейбіт заманда да желтоқсаншылардың жанынан табылып, солардың ұйымын басқарып, азапты күндерін артта қалдырып, ақталып шығуы үшін атсалысып жүреді. Бүгінде «Патриоттық қозғалыс желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы ретінде де атқарып жүрген жұмыстары көп. Сол еңбектері ескеріліп, әр жылдары аудан, облыс әкімдерінің, аудандық, облыстық мәслихат хатшыларының алғыс хат, мақтау громаталарымен марапатталған. Сондай-ақ, «Еңбек даңқы», «Желтоқсан ардагері», «Желтоқсанның 30 жылдығы», « Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», «Қазақстан патриоты», «Еселі еңбегі үшін», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» және тағы басқа да төс белгі, медалдары кеудесінде жарқырайды. Осының өзі-ақ, Сапаралы ағамыздың кім екенін айғақтап тұр емес пе?!

Ендеше, алпыс үш деген асуды міне осындай айтулы жетістіктермен, асу бермес белестермен бағындырып отырған елжанды ағамызды біз де кезекті мерейтойымен құттықтай отырып, еткен еңбегіңіз жемісті, өмір-өткеліңіз келісті болсын деген тілек айтамыз.

Айдын СӘТЖАН.      

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.