Алан Бөрібаев елордада «Парижден кәдесый!» жобасын ұсынады

«Астана Операның» бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың «Парижден кәдесый!» авторлық бағдарламасы 14-15 шілдеде «Астана Операның» IX театрлық маусымын аяқтайды.

Маэстроның әрбір жобасы бірегей, алайда оның өте ерекше бағдарламаларының барлық әр алуандылығында біріктіруші белгілері бар, бұл – ұлы музыкалық мәнер мен тарихи оқиғаның үндестігі. Осынау концерт тыңдарманға бір гала-опера аясында бір уақытта жиырмадан көп танымал, сондай-ақ француз композиторларының өте сирек орындалатын жауһарларымен танысуға мүмкіндік береді, оларды Алан Бөрібаев «Парижден кәдесый!» галасына ұқыптап жинады. Барлық шығармалар мен композиторлар XIX ғасырдағы француз мәдени өмірінің тарихи жағдайында өзара тығыз байланысты.

Бас дирижердің ғұмырнамаларды, өмірбаяндарды, сол немесе басқа композиторлар өмір сүрген дәуірдің тарихи деректерін жете зерттейтіні белгілі. Бәлкім, оның концерттерінің жасалу логикасының мінсіз болуы және көрермендер аудиториясы үшін ағартушылық сипат арқалауы осынау терең танымның нәтижесінде шығар.

– Бұл жоба – XIX ғасырдың француз романтикалық операсы секілді шоқтығы биік мәдени құбылысты бүкіл кеш бойы қамтуға жасаған шығармашылық талпыныс. Бұл ұғымның кеңдігі сонша, осынау жалпыланған терминнің ішінде ол көптеген бағыттарға бөлінеді. Гуноның «Фауст», Бизенің «Кармен» немесе Делибтің «Лакме» секілді үш атақты француз операсын атасақ та, олардың романтизм, реализм және ориентализм секілді түрлі ағымдарды білдіретінін көреміз. Біздің концертімізде ұсынылған барлық композиторларды не біріктіреді десек, ол жоғары талғамға, тапқырлыққа, кемелдікке, мәнер көркемдігіне, әуен әсемдігіне, драмалық көріністердің көзтартарлығына, әуенді әрі үйлесімді айналымдардың төлдаралығына құштарлық. Мәселен, ұлы Жорж Бизе сөзге екпінді дұрыс түсірмегенде сөз өзі шығарған әуенге «қонып» тұрса, ол әуен үшін екпінді солай қате күйінде қалдыра салады. Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, үйреншікті болмау – француз операсы мәнерінің ең маңызды құраушы тұстарының бірі болып табылады, – деп пікірімен бөлісті Алан Бөрібаев.

Қазақстандық маэстро әлемде сұранысқа ие екенін атап өтуіміз қажет, түрлі елдердің симфониялық оркестрлері онымен жұмыс істеуге асығады, ол Еуропаның үздік сахналарында спектакльдер қояды. Ал оның әлемдік музыка қоғамында резонанс туғызатын авторлық жобаларын ұлы өнердің барлық табынушылары көруге ұмтылады. Бұл Қазақстан, Италия мен басқа да елдерден мыңнан астам музыкант орындаған Густав Малердің №8 симфониясына да, Карл Дженкинстің SHINE ASTANA салтанатты одасына да қатысты. «Астана Опера» тыңдаушыларының сүйікті жобаларының тізіміне «Италиядан келген хаттар», «Нибелунг жүзігі», «Мольер, Вольтер және Бомарше, немесе Француз комедиясының негізін қалаушылар» және басқалары секілді бірегей авторлық бағдарламалар көрік береді.

Опера өнері өркендеген XIX ғасырдағы Францияның ғажайып атмосферасына бойлауға мүмкіндік беретін «Парижден тосынсый!» жаңа гала-кешін көрерменнің лайықты бағалайтынына еш күмән жоқ. Концертке тамаша әншілер – Азамат Жылтыркөзов, Салтанат Ахметова, Жаннат Бақтай, Медет Чотабаев, Жамиля Джаркимбаева, Мейір Байнеш, Салтанат Мұратбекова, Талғат Ғалеев, Татьяна Вицинская, Мәдина Исламова, Елена Ганжа, Рамзат Балакишиев, Шыңғыс Расылхан, Ержан Саипов, Артур Габдиев, Саян Исин, Гүлдана Алдадосова қатысады. «Астана Опера» Симфониялық оркестрі мен хоры өнер көрсетеді, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, концерт режиссері – Еренбақ Тойкенов.

Айта кету керек, Қазақстан мен Францияны, әсіресе Парижді берік шығармашылық көпірлер байланыстырады. Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Париждегі өнер көрсетуін екі елдің мәдени қатынастарының бастауы деп есептеуге болады. Ол біздің өнерімізді еуропалық сахнада таныстырған алғашқы қазақстандық орындаушы атанды. Парижде ұлы қазақ ойшылы Абай, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезовтің мерейтойлары да өткен болатын, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде қазақтың ұлы композиторы Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойы өтті, оған Алан Бөрібаевтың өзі дирижерлік етті. Ал 2014 жылы бас дирижер Париждегі атақты Champs-Élysées театрында А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» операсының француздық премьерасын таныстырды, ол да маэстроның барлық жобалары секілді зор табыспен өтті.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.