АЛМАТЫДА ӘДІЛ ШЕШІМ ШЫҒАРМАДЫ ДЕП ІСТІ БОЛҒАН ЭКС-СУДЬЯ ӨЗІН СОТТАМАУДЫ СҰРАП ОТЫР

Алматыда әділ шешім шығармай, бір адамды өз-өзін өртеуге итермеледі деп шатылып жатқан атышулы судьяның ісі аяқталуға жақын. Cоңғы сөзін айтқан айыпталушы соттан өзін ақтап алуды өтінді.

Серімовтің істі болуына таң қалмаған жан жоқ. Өйткені, айыпталушы жай адам емес, қара қылды қақ жарар судья. Міне, сол экс-қазы өзге соттың алдында соңғы сөзін айтып тұр. Бұған дейін, талай қылмыскерді түрмеге жіберіп, бірін ақтап алған ол бүгін өзін де еркіне жіберуді сұрады.

«Бұл қылмысты істеген жоқпын. Құдай алдында да, елімнің, заңның алдында да тазамын. Мені ақтауды сұраймын», — дейді айыпталушы Өмірзақ Серімов.

Оған қызметін асыра пайдаланып, әділ шешім шығармаған деген кінә тағылған. Негізі дау жеті жыл бұрын басталыпты. Зардап шегуші Айнұрдың ата-анасы сол кезде үй сатып алған. Көп ұзамай нысанның мұрагерлердің таласында жүргені белгілі болады. Ал Серімов сол іске қатысты екі түрлі шешім шығарып, кесірі үйдің жаңа иелеріне тиген. Соңғы ақшасына сатып алған шаңырағынан қайта-қайта қуылып, ақыры бұған шыдамаған отанасы Светлана Тұрғанбаева өз-өзіне жанармай құйып, өртеніп өлді.

Көп ұзамай қайғыдан қан жұтқан оның күйеуі де көз жұмыпты. Бір үй үшін жетім қалғандар Серімов екі түрлі шешім шығармағанда, мұның бірі де болмас еді дейді. Ал мемлекеттік айыптаушы экс-қазыны төрт жарым жылға соттауды сұрады. Бірақ, зардап шегушілер мұны азсынуда.

«Осы анам қайтыс болғалы бір келіп, әкем қайтыс болды, бір келген де жоқ. Оған бәрі аз болады. 10 жыл берсе де, 20 жыл берсе де аз», — дейді С.Тұрғанбаеваның қызы Айнұр Омарбаева.

Ал дауға себеп болған баспана әлі күнге дейін бұғатталған Оның Тұрғанбаевтардың атына енді берілуі мүмкін. Жуырда ғана о баста үйге таласқан мұрагерлердің бірі мүліктен бас тартыпты. Қазір соның құжаттары реттеліп жатыр екен.

Ал айыпталушы материалдық, моральдық шығын үшін ешқандай өтемақы бермеген. Зардап шегушілер оны талап етіп те отырған жоқ. Бастысы қазіргі істің қазысы Серімовтің әрекетін қайталамай, әділ шешім шығарса дейді. Бұрынғы соттың қолына кісен тағыла ма, жоқ па, ол жағы үш күннен кейін белгілі болмақ.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.