БАСТЫ МАҚСАТ – ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Өңір халқын жұмыспен қамту – қазіргі таңдағы ең көкейтесті мәселелердің бірі. Бұл міндетті жүзеге асыруда мемлекеттік бағдарламалар да қабылданған. Әсіресе, «Еңбек» бағдарламасының тиімділігі көрініс табуда. Яғни облысымызда жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Жоғарыда аты аталған бағдарламаның да орындалу көрсеткіші жоғары. Осы жылға межеленген жоспар да артығымен жүзеге асқан.

Осы жылдың өзінде «Еңбек» бағдарламасы арқылы 26 090, жаңа жұмыс орындарына 1 216, әлеуметтік жұмыс орындарына 4 305, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 3 956 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл тарапта мүмкіндігі шектеулі азаматтардың хал-ахуалы да ескеріліп, оларға арналған 6 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Олардың 163-і тұрақты жұмысқа, 31-і қоғамдық жұмысқа, 12-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 6-уы қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды. Ал осы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қарашаға дейін атқарған жұмыстарына көз салсақ, бағдарлама шеңберінде биылғы жылға 81 328 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, нақты 74 078 адам жұмыспен қамту шараларына тартылыпты.

Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде (Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және қыс­қа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету) 9937 адамды оқуға жолдау жоспарланған.

Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға 9-11 сынып бітірушілер, кәсіптік білімі жоқ, оқу орындарына түспеген 3 704 азаматты оқуға жолдау жоспарланған (оқу мерзімі орта есеппен 2 жыл 5 ай) болса, нақты  3 401 адам оқуға жіберілген. Ал қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 5 634 адам жолданыпты.

Сондай-ақ жаппай  кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша жалпы 12217 адамды тарту көзделсе, оның ішінде «Бизнес-Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерге оқуға 1650 адам жіберіліп, сертификатқа ие болды. 1231 азамат шағын несиемен қамтамасыз етіліп, 2954 адам грант алды. 184 адам 100 АЕК, 2770 адам 200 АЕК.

Сонымен қатар 200 қаржы ұйымдарының есебінен шағын несиелеу жүзеге асырылып, нақты 151 адам шағын несиемен қамтамасыз етілді.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойынша 59 174 адамға жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланса, нақты 59 057 адамға жұмыспен қамтуда көмек көрсетілді. Яғни  943 адам жұмысқа орналасса, оның 40 943-і тұрақты жұмыс тапты.  Ал 2056 адам жаңа жұ­мыс орындарына жұмысқа жіберілді.

Нақтылай түссек:

– 3 510 адам әлеуметтік жұмыс орындары, нақты 4384 адам (125%);

– 5 475 адам Жастар практикасы, нақты 6456 адам (118%);

– 5 180 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға, нақты 5218 адам жолданды (100,7%).

– жұмыссыздық деңгейі 5,1%;

– жастар жұмыссыздығы 3,5%;

– әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 5,4%-ды құрап отыр.

Жалпы өңірімізде бұл бағдарламалардың игілігін көргендер де көп. Мәселен Отырар ауданы бойынша “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған” осы бағдарламасы аясында 2800 азаматты жұмыспен қамту жоспарлаған болса, қазіргі күнде 1594 азамат жұмыспен қамту шараларына қатысып, кәсіби білім беру, кәсіптік оқыту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты үш бағыт бойынша оқытылуда. Айталық “Отырар аудандық орталық ауруханасы” МКМ-да Жастар практикасымен Айдана Сабыр 6 ай мерзіміде жұмыс тәжірибесінен өтіп, тұрақты жұмысқа қол жеткізді. Шымкент мемлекеттік медицина колледжінің түлегі қазір тұрақты жұмысқа қабылданып, 70 мың теңге көлемінде айлық алып отыр. Ал С.Қуандықова әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру бағытында “Бекболат” аралас заттар дүкеніне сатушылық жұмысқа тұрды.

Бұл бағдарлама Түркістан қаласында да жүйелі түрде жүзеге асуда. Жоба аясында тұрақты жұмысқа орналасушылардың да қатары артып, шағын несие алуға ниет білдірушілер саны да көбеюде.

Ал өңірімізде жаңа жүйемен 4282 педагог жұмысқа тұрды. Облыста балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 97,9%-ға жетсе, жаңартылған білім беру мазмұнына өткен мектептердің үлесі артып келеді. Яғни техникалық және кәсіптік білім беретін 66 ұйымда мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған 5170 түлек диплом алғаннан кейін жұмысқа орналасты. Мұнан бөлек «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының да жемісін көрудеміз. Бүгінде облыста жоба аясында 1431 маман түрлі салада жұмысқа тұрды. Жалпы өңірде 508 мыңға жуық жас бар десек, олардың 108 мыңы қалада, 400 мыңы ауылдық жерде күн кешуде. Солардың бірі Созақ ауданы Шолаққорған ауылындағы  А.Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің  мұғалімі болып орналасқан М.Ізбалаева мемлекет тарапынан жеңілдетілген тұрғын үйге де ие болып, тиісті жәрдемақысын да алып, жастарға жасалынған бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдаланды. Өйткені мұндай қолдаулар мен бастамалар жас буынның өз саласында жетістіктерге жетуіне мейлінше ықпал етеді.

Аталмыш бағдарлама бойынша жас мамандар түрлі қызмет атқаруда. Тоқ етері, бүгінде оқимын деген жасқа, өсемін деген ұрпаққа білімді, білікті маман болып, түрлі кәсіпті меңгеріп, тіршілігін түзеуге мүмкіндік мол. Жастар біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Демек, еліміздегі жұмыспен қамту саясаты оң нәтижелерге иек артуда десек, асыра айтпағанымыз.

Ұ.ӨСКЕН.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.