БІЛІКТІ МАМАН – ҚОҒАМ СҰРАНЫСЫ

Қазіргідей бәсекелестік дамыған заманда еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру, кәсіби жетілу – уақыт талабы. Ал білікті маман болып, жетістікке жету қаншалықты маңызды болса, сол мамандықтың қыр-сырына баулитын оқу орнын дұрыс таңдау соншалықты маңызға ие. Алтын ұя мектебімен қоштасып, жаңа өмірге қадам басқалы отырған түлектер алдында қазір қаншама жауапкершілік  тұр. Ең бастысы, олардың өмірлік азық болатын сапалы білім мен тиімді тәжірибені меңгеріп шыққаны жөн.

 

Сондықтан да, түлектер назары үшін жаңа заманның даму қарқынына сай жабдықталып, сапалы білім мен саналы тәрбиеге негізделген оқу орны жайлы айтпақпыз.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің колледжі  2016 жылы  осы  университеттің құрамдас бөлімі ретінде ашылды. Біз бен сізге бұрыннан аты таныс оқу ордасы бұған дейін де жұмыс істеген. Бүгінде бұл білім ошағы қоғамда сұранысқа ие  19 мамандық бойынша кадр дайындайды. Колледжде “Техникалық мамандықтар”  және “Ақпараттық технологиялар” бөлімдері жұмыс істейді. «Техникалық мамандықтар» бөліміне қарасты «Құрылыс және машина жасау технологиясы», «Мұнай газ және электрмен қамтамасыз ету», «Жалпы білім беру» және  «Тілдер»  кафедралары бар. Сонымен қатар «Ақпараттық технологиялар» бөлімінде «Экономикалық құқық және дене тәрбиесі», «Ақпараттық технологиялар», «Ауылшаруашылық», «Трикотаж, тоқыма, галантерея технологиясы», «Дизайн және тігін өндірісі» кафедралары жұмыс жасап жатыр.  Студенттердің сапалы білім алуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Оның дәлелі – осы оқу орнындағы студенттердің түрлі сала бойынша облыстық, республикалық додалардағы жетістіктері. Мұнда оқуға түскен білімгерлер тек өз кәсібі бойынша білім алып қана қоймай, қосымша үйірмелер мен қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Бүгінде колледж қабырғасында 150-ден астам білім алушылардан құралған “Белсенді студенттік құрам” жасақталған.  Өз пікірі мен пайымын, болашаққа көзқарасын нықтаған студенттер колледж ішінде ұйымдастырылатын әрбір шарада белсенділік танытып, тіптен өзі білмейтін жаңа қырларын ашуға мүмкіндік алады. Сондықтан да,  колледж студенттерінің үлкен байқаулар мен жиындарда бақ сынап, биік тұғырдан көрініп жүргендігін айтпай кетуге тағы болмас. Осында оқитын Н.Төленбек, Ұ.Байниязова ағымдағы жылдың қыркүйек айында  Шымкент қаласы жастар мәслихатының депутаттығына сайланды. Сонымен қоса, бокстан Азия чемпионатының қола жүлдегері, бірнеше спорт шеберлері осында білім алуда. Биылғы жылы облыс көлемінде өткен “Worldskills Turkestan -2020” облыстық чемпионатта кәсіби шеберлігі мен біліктілігін таныта білген студенттеріміз жүлделі орынға ие болды. Елде орын алған қазіргі жағдайға байланысты қашықтан білім алып жатқан студенттеріміз пандемия кезінде облыс, қала көлеміндегі еріктілер қатарында ел игілігіне атсалысуда. Халыққа қолдау көрсетуде волонтер ретінде белсенділігімен ерекше көзге түскені үшін екі студент Елбасының Алғыс хатымен марапатталды. Дарынды да, талапты колледж студенттері өз мақсаттарын айқындап, болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Және осы жолда аянбай еңбек етіп, талаптанудан талмайды.

Осындай, дарынды студенттердің тиісінше сапалы білімге ие болуы үшін колледж ұжымы да ая­нып қалмай, бар жағдайды ыңғайластырған. Атап айтар болсақ, кітап қоры мол кітапханалар, оқу залдары, электрондық оқу залдары студенттер игілігі үшін жарақталған. Ғылыми ізденіс үйірмелері, шығармашылық студиялар, спорттық үйірмелер жастардың сабақтан тыс уақытын мазмұнды әрі қызықты өткізуіне септігін тигізеді. Стадион, спорт залдарының салауатты өмір салтын ұстанған студенттер мен спорт саласындағы дарынды білімгерлер үшін  әрдайым есігі ашық. Ал колледж жатақханасы оқу ғимаратына жақын орналасқандықтан, студенттер күнделікті сабаққа жаяу қатынауына әбден болады. Оқу процесінде қазіргі заманғы педагогикалық технологиялар қолданылады. Өз саласын жан-жақты меңгерген  білікті, тәжірибелі ұстаздар бүгінгі күннің ең тиімді әдістерін пайдалана отырып, студенттерге сарқылмас білім беріп, бағыт көрсетеді. Колледж түлектері өз мамандықтарына сәйкес университеттің 2-курсынан оқуын одан әрі жалғастырып, жоғары білім ала алады. Бүгінде колледж түлектері түгелдей өз саласы бойынша жұмысқа орналасқан.

Болашақты жарқын ету – әр адамның өз қолында. Ол үшін дұрыс таңдау жасау маңызды. Бізбен бірге армандарыңды орында!

 Ә.Жамбылбай,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ колледжінің оқытушысы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.