Ботулизм және оның алдын алу жолдары

Ботулизм (латынша botulus— шұжық) – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық ауру түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин –органикалық улардың ең күштілерінің бірі, адам үшін өлтіретін мөлшері болып 0,035 мг токсин саналады. Ботулизм ауруының 90%-ы тұрмыстық жағдайда дайындалған саңырауқұлақ, баклажан, көкөніс, ет, балық консервілерін және тұздалған, ысталған балық, шұжықта, сүрленген шошқа етін пайдаланғаннан болады, яғни технологиялық ереже сақталмай дайындалған әр түрлі консервіленген тағамдарды пайдаланғанда орын алады. Консервіленген тағамда CI.botulinum микроорганизмі өсіп, жетілген кезде банкінің беті мен түбі ісінеді, осының салдарынан қақпағы көтеріледі, оны бомбаж дейді.

 Аурудың негізгі белгілері 2-12 сағат аралығында байқала бастайды: науқас адамның басы ауырып, әлсірейді, лоқсып құсады, жүрегі тоқтап қалғандай болып, ауызы құрғап, үнемі шөлдеп тұрады. Неврологиялық белгілер: көздің қарашығы ұлғайып, алдында тұрған зат қосарланып көрінеді, науқастың жұтынуы қиындап, бірте-бірте дауысынан айырылады (афония). Ботулизм ауруының алдын-алу жолдары:

– санитариялық тазалықты сақтау, тамақ өнімдерін консервілеуде технологиялық процесті қатаң сақтау, консервіленген өнімдердің сақталуын қадағалау, жылы, ыстық орындарда сақтамау;

– үй жағдайында дайындалған консервіленген саңырауқұлақ, көкөніс, салат, ет, балық өнімдерін сатып алмау;

– консервіленген өнімдерді пайдалану алдында қақпағы күмпиген (ісінген) бомбаж және «бұлыңғыр» түрдегі өнімдерді пайдаланбау.

А.Асилбекова, С.Ахимбекова,

Қаратау ауданы

ҚДСБ бас мамандары

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.