Екі әкім де ел алдында есеп берді

5-і күні Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев пен облыстан еншісін алған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ел-жұртының алдында есеп берді. Екі әкім де өткен Ит жылында атқарылған жұмыстарға есеп берумен бірге, биылғы 2019 жылда атқарылатын жұмыстар жайында жиналған жұртшылықты хабардар етті.

Түркістан облысы әкімі Ж.Түймебаев Жастар жылында Елбасы отбасы институты мен құндылықтарын дамытуға ерекше назар аударғанын атап өтіп, биыл өңірдегі жалғыз балалар үйі «Отбасы үйі» форматына көшіп, жетімдер үйі толығымен жабылатынын айтып, жұртшылықты бір серпілтті.

Сондай-ақ, облыста «Қолқабыс» жобалар кешенін жүзеге асырудың қолға алынғанын көрсетіп өтті. Және облыста жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн. 103,9 мың теңгеге жеткенін айтып, кәсіпорындардың қуатын арттырып, технологиялық процесті модернизациялаудың арқасында өнеркәсіп секторының орнықты дамуына қол жеткізілетінін атап көрсетті.

Шымкент қаласы әкімі Ғ.Әбдірахымов өз есебінде өткен жылғы атқарылған істерді саралай келіп, бірқатар өнеркәсіп нысандарының қайта жаңғыртудан өткеніне тоқталып кетті. Әкім баяндамасында Шымкент мұнай өндеу зауытында жаңғыртудан кейін жоғары октанды жанармай өндірісі 2 271 мың тоннаға дейін, дизельді отын өндіру 1 916 мың тоннаға дейін, авиа­циялық отын көлемі 400 мың тоннаға дейін артқанын айта кетті.

Екі әкімнің есеп беруінде сөз сөйлеп, ұсыныс-пікір білдірушілер де, сұрақ қоюшылар да аз болған жоқ. Есеп беруде екі әкімнің де жұмысына қанағаттанарлық баға берілді.

                                                                                                               «Қазақстан жолы» — ақпарат  

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.