«Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы еліміздің өркендеп өсуіне үлес қосады

«Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу: ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар: ол тәуелсіз Қазақстан» деп айтқан елбасымыздың сөзінің үлкен мән-мағынасы бар. Қазіргі таңда елбасының ұсынған «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы еліміздің өркендеп өсуіне үлкен үлес қосады деген сенімдемін. Бірінші тармақтағы қағидатта — Тәуелсіздікті нығайту – экономиканы нығайту тәуелсіздігіміздің мерейтойына да арналған бастама қарастырылды. Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл толуда, осы елеулі 30 жылда еліміз тек алға қарай дамып, өркендеуде. Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік мұраттарға қол жеткізді. Келесі қағидат — Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғырына тоқталды. Дана халқымыз «бірлік болмай – тірлік болмас» деп бекер айтпаған. Сондықтан біз әрқашан бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз қажет. Әрқашан бір-бірімізге қолдау білдіріп, кез келген жағдайда мойынсұнбай, тек алдыға ұмтылуымыз керек. Сонда ғана біз бірлігі жарасқан, әлемнін алдыңғы қатардағы мемлекет боламыз. Үшінші Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы қағидатқа қосар ойым мынандай. Кез келген азаматтың парызы – отанды, елін-жерін қорғау және болашақ ұрпаққа саналы тәрбие беру. Осы қасиетті сөздерді ұмытпаған әрбір қазақстандықтың болашағы жарқын болмақ. Төртінші Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі атты тармақ та қасиетті ұғым деп ойлаймын. Отбасы – әрбір адам үшін қасиетті ұғым екені сөзсіз. Әрбір өскелең ұрпақ сан ғасырлар бойы келе жатқан салт-дәстүрімізді ұмытпаған жөн. Салт-дәстүрімізді дәріптей келе отбасымыз, шаңырағымыз қалыптасып, еліміздің ертеңіне елеулі үлес қосамыз. Отбасы институты әлсіреп, салт-дәстүріміз ұмытылса, ел болып қалуымыз екіталай. Сол үшін дәстүрдің озығын алып, тозығын тастап, елдік болмыстың өзегін сақтай білуіміз керек. Келесі тармақтағы мәселе Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі. Біз ежелден келе жатқан байтақ көшпелі елдің ұрпағымыз. Біздің мәдениетіміз бен өркениетіміз өте бай, өскелең ұрпаққа үлкен мирас қалдырар халықпыз. Өркениетімізді асқақтатып, әлемдік аренаға еліміздің мәдениетін көрсетер, озық елдер қатарында болуымыз тиіс. Кез келген әлемнің халқы біздің еліміздің мәдениеті мен өркениетіне тамсана қарайтындай, әлем мойындайтындай белестерді бағындыруға әрбір қазақстандық ат салысуы қажет. Алтыншы Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті тармағындағы мәселеге қосар өз ойымды айтып өтсем. Тынымсыз еңбек еткен адамның алар асуы зор болады. Ал сол еңбектің жемісін көру үшін, үздіксіз білім алып, әрқашан ізденісте болуымыз міндетті. Білімнің ешқашан шегі болмайды, сондықтан біз жастар әрқашан білімімізді жетілдіріп, үнемі адал еңбекті насихаттауымыз қажет. Соңғы Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі атты тармақ жаңа бастамаларға жол ашары сөзсіз. Прагматизм түсінігі әсіресе біз философтарға өте таныс және түсінікті ұғым болып саналады. Қазіргі таңда еліміздің мен секілді жастарды дамытуға арналған көптеген мүмкіндіктер бар, сол мүмкіндіктерді пайдаланып, жаңа мақсаттар мен сүйікті ісіміздің бас маманы болуымыз өз қолымызда. Сондықтан да өскелең ұрпаққа үлгілі жол көрсететіндей, еліміздің дамуына зор үлес қосатындай, отбасы мен салт-дәстүрімізді дәріптейтіндей мықты адам болуымыз қажет. Осы орайды, тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы тұғырлы, баянды болсын! Әрқашан күн сөнбесін! Тәуелсіз Қазақстанның таңы нұрлы, егемен еліміздің ұрпағының еңсесі биік болып, көк аспанда қасиетті көк туымыз мәңгі желбіресін!

Танатарова Махаббат Касымовна
Мұхтар Ауезов атындағы ОҚУ-нің философия кафедрасының оқытушысы, магистр

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.