Ислам және зайырлы мемлекет

Ислам бойынша адам баласы сана-сенімінде, ғибадаттарды және моральдық бостандығында өз еркімен шешім қабылдайды. Капірун сүресінде Аллаһ (надандар мен өзге діндердің өкілдеріне) «Сіздің дініңіз сізге, менікі маған» — деп, адам баласы үшін толық дін бостандығы болғанын жариялайды. «Дінде зорлау жоқ» принципін де Ислам уағыздаған.

Бүгінде мұндай ерекшеліктерге ие саяси және басқару жүйесіне «демократия» деп аталып жүр. Ғасырлар бойы түрлі саяси және басқару режимдерін басынан өткерген адамзат әлемі, ақырында ең жақсы басқару тәртібі ретінде демократияны таңдап, соны бетке ұстады. Батыс елдерінің барлығы және Шығыс елдерінің басым көпшілігі, бүгінде, демократияға ұмтылуда. Мұсылман қауымдары да, ең алдымен өздері ұсынып, бірақ ғасырлар бойы сөрелерге қойып, ұмытқан демократиялық жүйе бойынша басқарыла бастады.

Дін және ождан бостандығын, адам құқықтарын, әлеуметтік әділеттілік пен қоғамдық бейбітшілікті құрмет тұтатын Ислам негізі тұрғысынан демократияны көздейді. Қазіргі демократияның адам баласына ұсынған жан-жақты мәнділіктерін толығымен мойындап, қолдау көрсетуде. Ислам, өзінің ұсынған принциптері бойынша, бір жағынан, демократияның қайнар көзі және ең үлкен қолдаушысы болып табылады.

Ислам діні ойлануды, ақыл жүгіртуді, іздеуді және үйренуді үйретеді. Ақыл мен білімге мән беріп, надандық пен еліктеушілікке қарсы тұрады. Білгір, білімді, мәдениетті және парасатты қоғам құруды қалайды. Фанатизм, кертартпалық, шектен шығу, вахабилік, ланкестік мен бассыздықты жеке адам мен қоғам үшін зиянды және қауіпті деп біліп, үзілді-кесілді тыйым салады.

Ислам діні жеңілдік пен кішіпейілділікті, әділет пен ақылдасуды, көмектесу мен қамқорлықты бірінші орынға қояды. Жанұяда және қоғамдық өмірде сыйластық пен сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынастың орнауын қалайды. Әлеуметтік өмірде дүрлігу мен бөлінуге мүмкіндік бермеуді ұсынады.

Демократиялық зайырлы жүйелерде де бұл ұғымдарды дәріптеу басты мақсат болып табылады. Жеке адамдардың жан мен мал саулығы — қауіпсіздігі, ой, наным-сенім, дін және ғибадат еркіндігі демократияда зайырлылықта қасиетті саналады. Жеке адам мен қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерге, бассыздық пен лаңкестікке ешқандай мүмкіндік берілмейді. Адам құқықтарына, жеке және заңды тұлғаларға құрмет көрсетіледі.

Ислам – бейбітшілік, тыныштық және бақыт жолы. Адамдарды еркін әрекет етуге, жақсы мен жаман, әдемі мен жағымсыз, зиянды мен пайдалы нәрселерден қалағанын таңдауға жөн сілтейді. Оларды ешбір мәселеде зорламайды, өз қалауларымен әрекет жасауға мүмкіндік береді. Алайда, өз еркімен жасаған әрекеті үшін адамға жауапкершілік жүктейді. Әрбір адамға жасаған амал-әрекетінің жемісін береді. Жақсылық жасаған адам сыйға бөленіп, жамандық жасаған адам жазасын тартады.

Ислам адамның жаратылысына сай негіздерді қамтиды. Әрбір мәселеде орта жолды ұстануды үгіттейді. Амал-әрекеттерінде орта жолдан айырылған, оңға немесе солға ауытқыған, кертартпа немесе жоққа шығарушы адамдарға әр басқа ат беріп, оларды іс-әрекетіне сай сипаттармен танытады.

 

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша  «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.