Қайнар Алагөзов: Осы әннің авторлығынан қашқақтап жүремін

Қазіргі таңда «Қайда?» әні Ерке Есмаханның қалтасын қалыңдатқанымен, аталмыш тректің мәтінін жазған автордың өкініш өзегін өртеп жүр. Бұл жөнінде Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген ақын Қайнар Алагөзов ақша үшін сөз қадіріне кір келтіргенін мойындады.

«Еркенің өзінің тапсырысымен, айтып берген идеясы. Дегенмен, қолымнан келетін болғаннан кейін, буындарға сыйдырып, соңына ұйқастар қойып, құрастырған мен едім. Бірақ, шын мәнінде қыз балаларға жазған ән мәтіндерінен қолымнан келгенше қашқақтап жүремін» – дейді Қайнар Алагөзов.

Кезінде қомақты қаламақыға қызығып, арзан сөзге ерік берген Қайнар бүгінде «Қайда?» әнінің авторы деген атақтан қашқақтап жүргенін жасырмайды. Өйткені, ақын болашақ ұрпағының алдында арының таза болғанын қалайды.

«Осы әннің авторлығынан қашқақтап жүремін. Мысалы, ертең айлар өтіп, жылдар өтіп, кітаптың бір бетінде қалса. Басында Қайнар Алагөзов деген жазу тұрса. Сол кезде менің ұрпағым ойламай ма, «Мейлі таз болса да, ақшасы аз болса да» деп менің атам жазған ба бұл өлеңді деп. Сондықтан, мұндай мәтін жазғаным үшін, келер ұрпақтан ыңғайсызданамын» – деп өкінішін білдірген ақын, алдағы уақытта ән мәтініне немқұрайлы қарамауға бел буып отыр.

Қайнар Алагөзов осы уақытқа дейін Есмаханның Еркесіне «Қайда?» атты хитінен бөлек, Төреғалидің репертуарындағы әндердің 90 пайызына мәтін жазған. Сонымен қатар, Ерке мен Төреғалидың орындауындағы «Алло» әнінің сөзі осы ақынның қаламынан туындаған болатын.

Еске сала кетейік, Ақтөбеде өткен «Абай оқулары» байқауында қазылық еткен экс-мәжілісмен Оразкүл Асанғазиева Ерке Есмаханның «Қайда?» әнінің мәтінін сынап тастаған болатын.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.