ҚАРАТАУДАҒЫ ТАРИХИ МЕКЕНДЕР МЕМЛЕКЕТТІК ҚОРҒАУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Түркістан облысындағы Қаратау қойнауы тарихи орындар мен мәдени ошақтарға бай. Қаратаудың баурайындағы Сауран, Созақ аудандарында орналасқан тарихи-мәдени ескеткіштерді қорғау, сакральды мекендер мен қорымдарды қамқорлыққа алу күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Осы мақсатта Созақ ауданында «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына сәйкес «Miras» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті.

Басқосуды аталған кеңестің төрайымы Қалыйма Жантөреева ашып, жүргізді. Жиынға Созақ ауданы әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов, «Turkistan Media Holding» ЖШС-нің басқарушы директоры Тельман Бейсен, кеңес мүшелері Сейдулла Айкөзов, Жазира Исаева, Гүлжанат Дүйсенбаева қатысты. Кеңес отырысында «Қызқорған», «Балақорған» тарихи орындарының қазіргі жай-күйі мен мәселелері, Созақ ауданындағы мәдени ошақтарының ахуалы айтылып, мәдениет пен өнер саласында атқарылған шаралардың есебі тыңдалды.

Отырыс барысында партияның Қ.Жантөреева аумақтағы тарихи орныдарды қорғауға алу арқылы тарихымызды түгендейтінімізді айта келе:

— «Қызқорған» мен «Балақорған» ескерткіштері маңынан құрылыс үшін тақта тастарды алу жұмыстарын үйлестіру кезек күттірмейтін проблема. Әйтпесе, бұл тарихи орындар мүлде жойылып кетуі мүмкін. Сол орындарға саяхаттаушы туристерге арнап жол белгілерін орнатып, мобильді қосымшаларды енгізу керек. Бұл әрі өңір туризміне де қосылар үлес болар еді. Сонымен қатар, тарихи жәдігерлер туралы мәліметтер мен қос ауданның зиялы қауым өкілдерінің пікірін топтастырып, жинақ етіп шығаруды да қолға алу қажет,-деді ол.

Созақ ауданы әкімінің орынбасары Қ.Оразовтың баяндамасына сәйкес жиын соңында аудан әкімдігі мен мәдениет бөліміне бірқатар тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, аумақтағы қирауға жақын және жойылуы мүмкін археологиялық, сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, оларды қорғау бойынша міндеттер жүктелді. Сондай-ақ елді мекендердегі орта мектептердің үйірмелерінің сабақтарын Мәдениет үйлерінде өткізуге ықпал жасау мәселесі де сөз болды. Кеңес төрағасы аталмыш тапсырмалардың орындалуы мен жүзеге асуы «Miras» қоғамдық кеңесінің бақылауында болатынын айтып, жиынды қорытындылады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.