Қазақстанда бензин сапасын тексеретін мемлекеттік орган жоқ

Қазақстанда бензин сапасын тексеретін мемлекеттік орган жоқ. Соның кесірінен Ресейдің аты-жөні белгісіз зауыттарынан сапасыз жанармайлар ағыл-тегіл тасымалданып жатыр. Көліктердің көк түтінге оранып дұрыс жүрмеуі, тез сынуы да содан. Елдегі мұнай өнімдерін тексеретін тәуелсіз сарапшылар осындай дабыл қақты, деп хабарлайды КТК арнасы.

Қазақстанда мұнай өнімдерінің сапасына бақылау жасап отыратын мекеме бұрын болған. Бір кездері мемлекеттік бақылау комитеті болса, кейін бұл іспен тұтынушылар құқығын қорғау комитеті айналысыпты. Ал қазір ешкімнің құзырында емес. Сондықтан, жанармай сататындар білгенін істейді екен.

Ақмарал Қалмұратова, мұнай өнімдерін сараптау орталығының директоры: 

Ауруды алып бара жатқанда тоқтап қалады. Нәтижесінде, бензин, дизель отыны нормативтік құжаттың нормаларына сәйкес келмейді.

Мәселенің екінші қыры —  Ресейден тасымалданатын жанармайдың да жыры көп. Тендерге семірген кей тасымалдаушылар Кеден одағының кедергісіз өткізу мүмкіндігін пайдаланып, Ресейдің аты-жөні беймағлұм зауыттарынан арзан өнімді бізге қарай ағылтатын көрінеді.

Ақмарал Қалмұратова, мұнай өнімдерін сараптау орталығының директоры: 

Қазақстанда класы екінші бензиндер өту керек қой, екінші класқа сәйкес келу керек. Содан төмен сапасыз мұнай өнімдерін алып келеді. Оны біз әрдайым зерттеуден анықтаймыз.Айтамыз оларға, техспецификация бойынша ешқашан алмаңдар.

Өйткені, техникалық көрсеткіштерін сондағылар өздері қойып алады дейді. Ал ол нормалар шын мәнінде біздің нормативтік актілерге сәйкес келмейді екен. Мұнай өнімдерінен тек жанармай ғана емес, асфальтқа қажетті битум өнімі бойынша да бізде бәсекелестік орта жоқ дейді мамандар. Себебі, сырттан битум тасымалдауға шектеу қойылған.

Айжан Тұрапова, мұнай өнімдерін тасымалдау компаниясының директоры:

-Ресейлік зауыттар Қазақстанмен шекараға жақын орналасқан. Егер битум тасымалдауға рұқсат берілетін болса, солтүстік өңірлерге әкеліп, әлдеқайда төмен бағаға сатуға болар еді. Бәсекелестік болмаған соң жол салатын компанияларға битум қымбатқа түсіп жатыр. 

Жүргізушілерді шаршатқан жанармай сапасын былай қойғанда, жақын күндері нарықтағы бензин бағасы аяқасты көтеріліп шыға келді. Оның себебін түсінбеген монополияға қарсы агенттік жанармай бекеттерін шұғыл тексеріп жатыр.

Агенттік бензин бағасын ауыздықтай алғанымен, ол сапасын да реттейді деген сөз емес. Тап осы сапаға қатысты тәуелсіз сарапшылар тиісті министрлікке талай рет ұсыныс жасағанымен ол жақтан жүзін бұрған біреу болмапты. Сала өкілдері бүгінгі жиын қорытындысы бойынша билікке тағы нақ ұсыныстар жасап, назарын аудартуды көздеп отыр.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.