Құрбан айт күндері шымкенттік полицейлер күшейтілген режимде қызмет етеді

Биыл барша мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт шілде айының 20-22 күндері аралығына тура келмек.

 

Бұл күндері Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және коронавирустық инфекцияның таралуына ықпал ететін жағдайларды болдырмау мақсатында күшейтілген режимде жұмыс атқаратын болады.

 

Карантин талаптарына сай, Құрбан айт мерекесі кезінде меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда, сондай-ақ жеке үйлер мен мешіттерде адам көп жиналатын іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Мал союды ұйымдастыру және өткізуге болмайды.

 

Осыған байланысты, полиция қызметкерлері қала аумағындағы барлық мал сату және арнайы мал сою орындарын бақылауға алып, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

 

Шымкент қаласы аумағында санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген қасапханада ғана санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының онлайн құрбан шалу жүйесі арқылы түскен тапсырыстарға сәйкес құрбан шалуға болады.

 

Бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, құрбан шалу www.qurban2021.kz сайты арқылы онлайн режимде жүзеге асырылады. Бұл жобаның мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға оңтайлы жол ұсыну.

Карантиндік шектеулерге байланысты азаматтар осы сайт арқылы қашықтықтан өз атынан құрбан шалуға тапсырыс бере алады.

 

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.