МАҚТААРАЛДА ДҮБРЛІ НАУРЫЗ ТОЙЫ ӨТТІ

Мақтаарал ауданында наурыз тойы өтті. Мырзакент кентінің орталық алаңында өткен іс-шарада сахна төріне көтерілген «Наурыз» көшін қалың көпшілік қошеметпен қарсы алып, жеңгелердің әзірлеген наурыз көжесінен жұртшылық дәм татты.

«Мақтаарал» оркестрінің сүйемелдеуімен аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, мектеп оқушыларынан құралған би ұжымдары көркем билерімен салтанатты кештің сәнін келтірді. Қыдыр ата қалың көпшілікке бата беріп, термешілер наурыздың тарихы жайлы толғау толғады.

Аудан әкімі Бақыт Асанов,  аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова және қоғамдық ұйымдардың басшылары, ардагерлер сөзге шығып, көктемнің жайма шуақ мерекесімен Мақтаарал жұртшылығын шын жүректен құттықтады. Сонымен қатар, елдің бірлігін арттырып, ынтымағына ұйытқы болып отқан ауданымыздың белсенді азаматтары аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Аудан басшысы осынау жер дүниенінің жаңаратын кезінде әрбір ұжым, ауданымыздың әрбір тұрғыны жақсы істің басынан табылып, елімізде іске асып жатқан ұлы істерге, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасап жатқан өзгерістеріне өз үлесін қоса береді деген сенімін білдірді.

«Бұл күні диқандарымыз жерін жыртып, дән ексе, ел іші арық-атыз көзін ашып, ағаш еккен. Ауласын тазартып, ауылын абаттандырып, жақсы іс бастаған. Осы қасиетті күнде адамдар бір-біріне деген реніштерін кешіріп, ырыс-береке тілеген. Бұл — халқымыздың дархан, кең пейіл, достыққа берік екенінің белгісі. Ұлыстың Ұлы күні отбасыларыңызға береке мен бірлік, елімізге ырыс пен ынтымақ, тыныштық пен жақсылық әкелсін!» — деді, Бақыт Насырханұлы.

Аудан әкімі ҚР Үкіметі биыл Наурызнаманың 10 күндігін бекіткенін де де атап өтті.

«14-наурыздан бастап күн сайын бір мерекені, атап айтқанда көрісу күнін, қайырымдылық күнін, мәдениет және салт-дәстүр күнін, шаңырақ күнін, ұлттық киім күнін және жаңару күнін атап өттік. Бүгін 20-наурыз – Ұлттық спорт күні. Сонымен қатар, 21-наурыз – Ынтымақ күнін, 22-наурыз – Жыл басын және 23-наурыз – Тазару күнін атап өтетін боламыз» — деді, Б.Асанов.

«Қош келдің, Әз-Наурыз» атты іс-шара «Мақтаарал» мәдениет үйінің өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласып, көрермендерді билетіп, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, тәжік, өзбек, кәріс, орыс, әзербайжан этномәдени орталықтарының өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.

Аудан әкімі бастаған ұжым қолөнер шеберлерінің көрмесі мен этномәдени орталықтардың ұлттық тағамдар көрмесін аралап, ұлттық спорттық және ұлттық ойындар жарысын тамашалады. Сондай-ақ, мемлекеттік және жекеменшік мекемелер тарапынан құрылған 3 бірдей қазақтың киіз үйінен тұратын этно ауылға барып, әрбір үйден дәм татып шықты.

Айта кетейік, Әз-Наурыз мейрамын биыл мақтааралдықтар кең көлемде атап өту мақсатында кенттер мен ауылдық округтерде, ауылдарда, түрлі мемлекеттік мекемелерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.