НЕКЕ ШАРТЫН АЖЫРАСАТЫНДАР ЖАСАЙ МА?

Нотариустың алдында кезекте отырғанбыз. Кезек дейтіндей көп те емес,  айналдырған төрт адам. Жеке қабылдап, пандемия кезіндегі барлық ережені сақтай отыра ісін ылдым-жылдым тындырып жатқан келіншекке сүйсініп отырмын. Маска, қолғаптан бөлек әр адамды қабылдаған сайын терезені ашып желдетіп қоятынына ашық есіктен қарап отырған төртеуміздің де назарымыз ауған сыңайлы.

– Соңы сіз бе? — дегенге бұрылдым. Бір кездері құрбы боп араласқан, тағдыры ауырлау болып алыстап кеткен келіншек тұр алдымда.

Бір-бірімізді бірден танып, шұрқыраса кеттік. Амандық-саулықтан соң «жайша жүрсің бе?» дегенге келіп тірелетіні белгілі. Мен сұрағанша баяғыша ашық-жарқын әдетімен өзі самбырлап айта жөнелді жағдайын.

– Тұрмысқа шыққалы жатырмын. Соған неке келісімшартын жасатуға келдім. Алдымен жай-жапсарын сұрап алайын, қандай құжаттар керек болар екен?

Есіме оның алғашқы некесінен аузы күйіп, далада қалған кезі түсті.

Жиырма төрт жасында тұрмысқа шыққан оның тойында бола алмағаныма өкінгем. Бала күтімімен үйде отырған соң тек телефонмен алыстан сый жолдау арқылы ғана құттықтап, тіпті күйеуімен де танысып үлгермеп едім. Ортақ таныстарымыз оның күйеуінің сымбатты, сондай кішіпейіл жан екенін, жас болса да өз алдына бизнесі бар екенін ауыздарының суы құрып айтатын.

Бір күні түн ортасында пәтеріміздің қоңырауы безілдеп қоя берді. Бейуақта келген кім болды екен деп таңырқаған күйі есікті ашсам, үш ай бұрын ғана тұрмысқа шыққан сол құрбым. Қолында ауыр екі сөмкесі, жауған жаңбырдан сүме-сүме болған түрін көріп шошым кеттім. Әбден жылағаны көрініп тұр.

Әңгімесінің ұзын-ырғасынан түсінгенім сол, бір көргеннен ғашық болып, махаббаттарына елді қызықтырып та қызғандырып үйленген күйеуі үйінен қуып шыққан. Тойға барғандардан «әкесі қызына бір пәтердің ақшасы салынған қалың конверт ұстатты» дегенді естігенмін. Сол ақшаға екеуі расында пәтер сатып алған, бірақ жігіт оны анасының атына жазыпты. «Жас отбасы болып тағы пәтер алуға кесірі тиеді, өз атымызға ештеңе жазбайық» дегеніне сенген құрбым бәріне келіскен, тіпті, күдіктенбепті де. Пәтер алынған соң енесінің де, күйеуінің де бұған деген көзқарасы өзгере бастапты. Аяқастынан шыққан ұрыс-керіс, қол жұмсауға дейін барғаны былай тұрсын, керемет деп тамсанған жігіттің екі балалы әйелі бар екенін біледі.

Құрбым үйге түнеп шықты да, ертеңіне әке-шешесінен қашқандай болып үлкен қалаға аттанып кете барды. Райынан қайтара алмадым, тек қолына азын-аулақ көмегімді ғана ұстатуға шамам келген. Содан кейін қайта кездесудің де, хабар алудың да сәті түспеген еді…

Екі секундта ойымда зуылдап өткен кадрлар өткен шақты еске салды. Жүзімнен байқады ма, ол да өткенін ойлап үлгерген екен.

– Сол кезде өз құқығымызды мүлде білмеген екенбіз. Әйтпесе, өзімді сол жексұрынға жем қылмас едім, — деген ол өмірдің ащысын татқызған сәтін әлі ұмытпағанын білдіргендей ернін тістеп барып басылды.

– Осы уақытқа дейін маңдай тер, табан ақыммен тапқан ақшама алынған пәтерім мен көлігімді ортақ етпеймін ешкіммен. Мені жар еткісі келген адамның да мүлкіне ортақтаспаймын… Осылай пысық болдым енді, — деп артынша күліп жіберді.

Шаруамызды бітірсек те бір-бірімізге айтарымыз таусылмай, телефон нөмір ауысып, үйдің мекен­жайын берісіп әзер тарқастық. Үйге жеткенше көптен көрмеген құрбым мен оның тұрғалы жатқан неке келісімшарты туралы ойлап келдім.

Осындайда ақпарат ретінде оның бар екенін білсек те, неке келісімшарты қайда, қашан және қандай жағдайда қажет екенін де елеп жатпайтынымыз анық. Өмірде болып жатқан түрлі оқиғаларға қарап отырып, заңды, құқықты, өзіңе тиесіліні білу керек-ақ.

Құқық қорғаушы Махметова Айнұр Хасенқызы осындай жағдайға байланысты кеңес береді:

– Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 39-бабына сәйкес некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi (ерлі-зайыптылықтағы) және (немесе) ол бұзылған жағдайдағы мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын келiсiм неке шарты деп танылады.

Неке шартын кез келген уақытта жасай аласыз. Яғни, Кодекстің 40-бабына сәйкес неке шартын неке­ні тіркеуге өтініш берген күннен бас­тап, некені тіркеу рәсіміне дейін, сон­дай-ақ неке кезеңінің кез келген уақы­тында жасасуға болады.

Неке шартын жасасу үшін қайда жүгіну керек және не қажет?

Неке шарты жазбаша нысанда жасалады және міндетті нотариалдық куәландыруға жатады. Неке шартын жасасу үшін ерлі-зайыптылардың екеуіне де нотариусқа бару қажет.

Өзімен бірге:

  • неке қию туралы куәлік;
  • ерлі-зайыптылардың әрқайсының жеке басын куәландыратын құжат;
  • егер шарт бұрын бар мүлікке қатысты жасалса, мүлікке құқықты белгілейтін құжаттар;
  • сондай-ақ мүлік пен мәмілелерді рәсімдеуге қажетті басқа құжаттар (бұл қажет болған жағдайда әділет органының жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы, жылжымайтын мүлiкке тiркелген және тоқтатылған құқықтар туралы анықтамалар беру, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтарды) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама, бұл қажет болған жағдайда) болуы тиіс.

Неке шарты қандай жағдайларда күшін жояды?

Неке шартын бірлескен келісім бойынша кез келген уақытта өзгертуге немесе бұзуға болады. Неке шартын бұзу немесе өзгерту туралы келісім неке шарты сияқты, яғни нотариуста жеке басын куә­лан­дыратын құжаттармен және жылжымайтын мүлікке құқық­ты белгілейтін құжаттармен ер­лі-зайыптылардың екеуінің де қатысуымен жасалады. Неке шартын орындаудан бір тарап­тың бас тартуына рұқсат етілмей­ді, оның талаптарын ерлі-зайыпты­лардың екеуі де міндетті түрде орын­дауы тиіс. Сондай-ақ егер келісім­ге бірлесе жету мүмкін бол­маса, неке шартын сот шешімі бойын­ша бұзуға немесе өзгертуге болады.

Әлбетте, «неке келісімшартын жаса» деп ешкім мәжбүрлемейді. Оған тіксініп қарайтындар да жеткілікті. Десек те, тағдырдың тосыннан тосқаны қалай боларын ешкім болжаған емес.

А.Уалиханқызы.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.