«Немересі үшін»: Шымкентте 95 жастағы зейнеткер жерлеу рәсіміне жинаған ақшасын алаяқтарға берген

Әл-Фараби ауданының полицейлеріне белгісіз тұлғаның қарт тұрғынды алдап, 1 миллион теңгесін алып кеткені туралы хабарлама түсті. Жәбірленушінің тұрғылықты жеріне келген жедел-тергеу тобы анықтағандай, ол апатқа ұшыраған немересінің операциясы үшін қолындағы барлық жинап-терген қаражатынан айырылған. Туысының жағдайы туралы үй телефонына қоңырау шалған бейтаныс ер адам хабарлап, әйелді тек қымбат операция құтқара алатынын жеткізген. Алаяқтың сөзіне сенген зейнеткер, өзінің жерлеу рәсіміне және табытына жинаған ақшасын үйіне келген курьерге беріп жіберген.

Іздестіру іс-шаралары барысында жедел уәкілдер бейнебақылау камераларының көмегімен ақшаны алуға келген тұлғаның жеке басын анықтады. Ол сауда нүктелерінің бірінің 30-жасар менеджері болып шықты. Қосымша табыс көзін ғаламтор желісінен тапқан екен.

Ол онлайн түрде алып отырған нұсқаулықтар бойынша әрекет етіп, мекен-жайлардан алынған қолма-қол ақшаны белгілі бір банк шоттарына аударып отырған. Курьер қызметі үшін 100 мың теңгеге дейін төлемақы алған. -дейді Әл-Фараби АПБ тергеушісі Абылайхан Молдабек. Полицейдің айтуынша, ұсталған азаматтың ұялы телефонын тексеру нәтижесінде, оның басқа да ұқсас жайттарға қатысы бар екені анықталды. Дәл осы жолмен ол тағы да 2 егде жастағы тұрғындардан үлкен соманы алып кеткен. Алаяқтық фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.

«Сіздің туысыңыз жол апатына ұшырады» – бұл телефон қоңырауынан басталатын және туыстары үшін барын аямайтын қарт адамдарға бағытталған алаяқтықтың кең таралған түрлерінің бірі. Егер, сізге осыған ұқсас қоңырау түссе, ең алдымен үрейленбеңіз. Әңгімені үзіп, туысыңызға қоңырау шалыңыз. Полицияға хабарласып, қайғылы оқиғаның рас-өтірігін біліңіз. Және, сізге қатысты алаяқтық әрекеттер орын алып жатқаны туралы арыз беріңіз.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.