ӨМІРДІҢ МӘНІ

Бірде университет бітіргеніне 10 жыл толуына орай бас қосқан бұрынғы түлектер өздеріне психология пәнінен дәріс берген қарт ұстаздарының үйіне кіріп шығуды ұйғарады. Кезінде жылы жүрегімен бәріне анасындай болған оқытушы бұрынғы шәкірттерін қуана қарсы алып, олардан өмірлерінің қалай қалыптасқанын сұрайды. Біреулері жақсы жұмысқа тұрып, біраз жетістікке жеткенін айтса, енді біреулері алдарынан кезіккен әртүрлі қиындықтарын айтып, шағымданады. Қарт ұстаз үндемей шығып кетеді де, асүйден шай демдеп әкеліп, шыныларға құйып береді. Бірақ, шынылардың әрқайсысы әртүрлі еді: бірі – фарфор, бірі – шыны, пластмасса, хрусталь; тым қарапайым немесе өте жоғары талғаммен жасалған шынылар. Шәкірттері өздері қалаған шыныларды алып, шай іше бастағанда, ұстаз оларға жымия қарап, былай дейді:

– Егер байқасаңдар, шайға алдымен қолын созғандар ең қымбатын, ең әдемісін таңдап алды. Қарапайым, арзан шыныны ешкімнің алғысы келмеді. Сендердегі қиындықтың басты себебі де осында – бәрінің тек ең жақсысын иемденгілерің келеді. Мынаны түсініңдер: қымбат шыны ішіндегі шайды дәмдірек және хошиістірек етпейді. Кейде қымбат шынымен ащы сусынды ішуге тура келуі мүмкін. Ал кейде арзан шыныдағы сусын бал татиды. Сендердің басты қалауларың не? Шай ішу емес пе? Бірақ, сендер ішіндегі шайдың дәмі мен сапасына емес, сыртындағы шынының әдемілігіне қарадыңдар. Сосын кімге қандай шыны бұйырғанын қарап, бір-біріңмен салыстыра бастадыңдар. Қымбаттауына қолы жеткендер масайрап, жоғарыдан қарады, ал қарапайымдауы қолына тигендер төменшіктеп, іштері қыз-қыз қайнап қалды. Ал бірақ, сендерге керекті басты нәрсе – ішіндегі шай бірдей, бір шайнектен құйылды емес пе?

Енді ойлап қараңдаршы, өмір дегініміз – шай, ал жұмыс, ақша, қоғамдағы дәрежең – шыны ыдыс, яғни жай ғана өміріңді сақтауға арналған бұйым. Біздің қандай шыны ыдысты иемденгеніміз біздің өміріміздің құндылығын жоймайды. Кейде бар көңіліміз сыртындағы шыныда болады да, ішіндегі шайдың дәмінен ләззат алуды ұмытамыз. Шайларыңды суытып алмаңдар!…

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.