Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеті

Жәрдем немесе қайыр-садақа беруді ең әуелі өзіңнен баста. Артылғаның болса, отбасыңды жарылқа. Тағы бірдеңең артылып қалса, ағайын-туыстарыңа бер. Олардан да артылып жатса, басқаларға бер.

***

Арам нәрселерден сақтанғын – адамдардың арасындағы инабаттысы боласың. Алланың берген ризығына разы бол – басқалардан гөрі дәулеттірек өмір сүресің. Көршіңе жақсылық жаса – ұйқың тыныш болады. Өзің сүйген нәрсені өзгелерге де лайықты деп біл – сау-саламат жүресің.

***

Орасан зор апатқа жолықтыратын жеті түрлі күнәдан сақтаныңдар:

– Тәңірге шек (шүбә) келтіру;

– Сиқырлықпен шұғылдану;

– Біреуді нақақ өлтіру;

– Өсімқорлық;

– Жетімнің ақысын жеу;

– Отанын қорғау жолындағы соғыстан қашу;

– Күйеуі бар, діндар, адал әйелдерді бұзылған, жеңіл мінезді деп қорлау.

***

Раббым қашанда бір патшаға жақсылық жасағысы келсе, оған адал уәзір береді: ол ұмытқанын дер кезінде есіне салады, есіне алған кезде көмектеседі. Егер Раббым бір патшаға жамандық жасағысы келсе, оған жаман уәзір береді, ол патшаның ұмытқанын дер кезінде есіне салмайды, есіне алса да жәрдемдеспейді.

***

Намаз үстінде имам болуға тура келсе, намаздың қырағатын жеңіл оқы. Өйткені олардың ішінде жас балалар, қарттар, кемтарлар, аурулар және қажеттілік қысып тұрған адамдар болады. Ал өзің жеке отырғанда, қалағаныңша үзақ оқи бер.

***

Менен аңыз болып тараған бірер Хадисті естігендеріңде: ділдеріңе жақын, денелеріңе әсер ететін және ақылдарыңа сыйымды болса, демек, ол менің айтқан сөзім. Ал естіген Хадистерің бұған керісінше болса, демек, ол менің айтқан сөзім емес.

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.