Пэчворк – әрі бизнес, әрі әуестік
Пэчворк немесе квилт – шетелден келген термин болғанымен, оны қазақша аударсақ, мата қиындыларынан құрап тігу, яғни құрақ құрау өнері – атам қазақтан келе жатқан кәсіп түрі. Үйінде тігін мәшіңкесі бар әйел затының бәрі бұл іспен қолы боста айналыса алады. Бұл – киілмей жатқан, бірақ тастауға қимай жүрген киімдеріңізді қайта қажетке жаратудың тамаша тәсілі, әрі қосымша табыс көзі.
Құрақ бұйымдар қанша ғасырлардан бері өмір салтымызбен біте қайнасып, әлі күнге сұраныстан қалмай келе жатқаны белгілі. Егер осы құрақ құрау өнерін бұрыннан меңгерген жан болсаңыз, осы өнеріңізді заманауи үлгідегі бұйымдар жасауға неге пайданаланбасқа?
Бүгінде қолдан қолға тимей өтіп жатқан құрақ бұйымдардың түрі саналуан. Бұл әдіспен құрақ көрпе-көрпешеден бөлек, жастықтар, көрпеқаптар, кәдесыйлар, сөмкелер, аяқкиім, тіпті әйелдер әшекейлерін де жасауға болады екен. Ең бастысы, қиялыңыз жүйрік, қолыңыз шебер және төзіміңіз берік болсын.
Бұл істі тұрақты табыс көзіне айналдыру үшін не істеу керек? Ең алдымен, ыңғайлы жұмыс орнын сайлап алыңыз. Және кез-келген мата түрімен жақсы жұмыс істейтін тігін мәшіңкеңіз бен торлағыш құралыңыз (оверлок) болуы керек. Үйде тігін тігумен айналысу, әсіресе сатуға арнап тігу үлкен мұқияттылықты қажет етеді, сондықтан, сізге жұмыс кезінде ешкім кедергі келтірмейтіндей болғаны жөн.
Егер бұрын құрақ құрап көрмеген болсаңыз, ғаламтордан пэчворкті үйрететін бейнематериалды көруіңізге және құрақ бұйымдардың үлгілерін жүктеп алуыңызға болады. Қалғаны өзіңізге байланысты.
Енді дайын өнімдерді қалай өткіземіз дегенге келейік. Егер сіз бұрыннан тапсырыспен тігін тігумен айналысып жүрген болсаңыз, құрақ бұйымдарыңыздың бірнеше үлгісін өз портфолиоңызға қосып, тапсырысшыларыңызға көрсетіп көріңіз. Бұл әртүрлі сарында, әртүрлі маталардан дайындалған, әртүрлі бұйымдардың үлгісі болуы керек.
Екінші, ғаламтор беттерінде өз бұйымдарыңыздың суретін салып, жұмыстарыңызды әлеуметтік желідегі достарыңыз, таныстарыңыздың көмегімен жарнамалаудан ұялмаңыз. Қоғамдағы әртүрлі топтың (қарттардың, жастардың, балалардың, үй шаруасындағы әйелдердің) сұраныстарын зерттеп, әр топқа арнап бөлек каталог жасаңыз. Әсіресе, үй шаруасына қажетті бұйымдардың (көрпе, жастық, төсеніштер, т.б.) жақсы өтетінін ескеріңіз. Сондай-ақ, жасөспірімдердің құрақ сөмкеге құмар екені де есіңізде болсын. Ал балалар кішкене гүлдері, мультфильм кейпкерлерінің суреттері бар кез-келген затты алмайынша тыным таппайтынын да бір жерге түртіп қойыңыз.
Үшінші, түрлі жәрмеңкелер мен көрмелерден қалмай, өз бұйымдарыңызды (әсіресе кәдесыйларды) сөрелерге жайната жайғастырып қойыңыз. Осылайша өз жұмыстарыңызды қымбаттау сату мүмкіндігіне ие боласыз.
Бастысы, ешқандай қиындыққа қарамай, табандылықпен тер төгіңіз. Және өзіңіз бен бұйымдарыңызды жарнамалаңыз, жарнамалаңыз және тағы да жарнамалаңыз. Іске сәт!
Дайындаған К.ДИДАР