Шағыр ауылынан шыққан ағартушы Жұмабек Қансейітұлы

Осы бір ардақты есімді жұрт аузынан жиі естігенде ескі күннің ескірмес елестері тізбек-тізбегімен жүрегімізден орын алып, рахатқа бөленетінбіз. Біздің өңірде де осындай елін, жерін, халқын сүйген, өзінің білімін, тәжірибесін өскен өңірінің өркендеуіне жұмсаған, жерлестерінің бақытты өмір сүруіне аянбай тер төгіп, жұртына қалтқысыз қызмет еткен нар тұлғалы азаматтың барлығына риясыз қуанасың.

Жиі жаңа кітап сатып алу, мерзімді басылымдарға үзбей жазылып отыру ол кісі үшін игі дәстүрге айналған деуге болады. Кітап атаулыны құныға оқып, талай білім ордасының тәлімін алғандығы әр әңгімесінен сезіліп тұратын. «Алма алма ағашынан алыс түспейтіні» секілді оның бұл қасиеті балаларының да бойынан табылып, олар да білімге құштар болып өсті.

Ол шындығында да Шағыр ауылынан шыққан мәртебелі мұғалім, кәнігі тарихшы, тұңғыш директордың оқу-тәрбие ісінің орынбасары, тұңғыш мектеп директоры, Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озаты, тұңғыш Арыс ауданының «Құрметті азаматы», тұңғыш қажы атанған аяулы адам.

1938 жылы 21 мамырда Ташкент темір жолына қарасты №44-разъезде теміржолшының жанұясында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін №44-разъезде 1946 жылы жаңадан мектеп ашылды. Ол мектеп №71 Ташкент темір жолына қарасты қазақ теміржол бастауыш мектебі деп аталған. Жұмабек Қансейітұлы осы мектепке сегіз жасында оқуға барған екен. Сол кезде алақандай №44 разъезде небәрі 20 жанұя тұрған. Жұмабек атаның айтуы бойынша 1946 жылы мектепке  қабылданған бар-жоғы 12 оқушы  Сегізбаев Келдібек ұстаздан тәлім алыпты. Келешегі зор Келдібек мұғалімнің сол шақта жетекші класты бітіріп келген кезі. Ол кісі 1946-1947 жылдары сабақ берсе, 1948 жылы Жанбатыров Орынбасар деген ағай дәріс оқыпты. Шымкент қаласындағы екі жылдық педагогикалық курсты бітірген өте сауатты адам екен.

Адам атаулының сынақ-ғұмырда санасынан мәңгі өшпейтін тәтті күндері мен қимас сәттері балалық шағы десек, жаңылмайтын шығармыз. Ақиық ақын Мұқағалидың:

«Бақыт деген – сенің бала күндерің,

Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің…» деген сағым жылдарға деген сағыныш табы байқалатын жыр жолдарының өзінде балдәурен кездің шынайы көрінісі көз алдымызға келіп-ақ тұр емес пе?! «Балалық шағы — патшаның тағы» деп мақалдайтын халықпыз. Шындығында періште шағын аңсамайтын,  алаңсыз күнді арман етпейтін адам жоқ-ау жер бетінде… Бала күнінде Жұмабек ата 1950 жылы  №71 бастауыш мектепті бітірген соң, Арыс станциясындағы №21-ші 7 жылдық қазақ теміржол мектебіне 5-сыныпқа барады. Ол кезде Арыс станциясында разъезден келіп оқитын теміржолшының балаларына арналған интернат болған. 1954 жылы Ташкент теміржол басқармасы жаңадан үш этажды мектеп үйін салды. Сол мектеп үйіне 1954 жылы №21 мектептің оқушылары ауысты. Жұмабек атаның айтуы бойынша ол осы жаңа мектепті бітіріп, алғашқы түлек атанған. Сұрапыл соғыстан соңғы жылдары ауыл-аймақта мұғалімдер тапшылығы қатты білінді. Білім саласын жастар ғана биікке сүйрейді деп мектеп директоры сол кезде Жұмабек атаны Тоғанассай разъезіндегі бастауыш мектебіне мұғалім етіп жібереді. Тоғанассайдағы мектеп жабылып қалған соң Еспесай бастауыш мектебіне мұғалім болып барады. 1958 жылы өзінің ауылына, Шағыр станциясындағы бастауыш мектепте ұстаздық етеді. Өзінің білімін жетілдіру үшін Шымкент қаласындағы Н. Крупская атындағы педагогикалық институтының тарих факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны бітіреді. Жұмабек Қансейтұлы ұстаздықпен қатар өзінің туған ауылын көркейтуге де көп үлес қосқан азамат.

«Еңбегінен ел таниды» деп біздің қазақ бекерге айтпайды. Еңбек шынында да ырыстың  қазығы. «Әркімнің туған жері – жұмақ мекен» деген де рас екен. Атамыз да білімі толысып, білігі артқан тұста туған жерді түлетуге көп күш жұмсады. Лайым кейінгі ұрпақ та осындай ауылдың айтулы азаматтарының еңбек майданындағы ерлігінен өнеге алып өссе, арман-тілегіміздің орындалғаны емес пе? Ендеше ел қамын жеген жақсылар салған сара жол, олар кешкен бейнет ешқашанда ұмытылмақ емес.

Ілгеріде Шағыр елді мекеннің тұрғындары Арыс станциясын труба арқылы келетін суды пайдаланатын. Ол құбыр 1903-1907 жылдар арасында теміржолмен бірге салынған құбыр болатын. Көп жыл болғандықтан іші толып, су аз келе бастаған. Осы мәселені көтерген Жұмабек ата жоғарғы жақтағы басшыларға хат жазып, бюджеттен ақша бөлдіріп, артезиан құдығын қаздырып, су шығартты. Тіршілік көзі болған соң халық та тұрақтана бастады, көшіп келушілер көбейді. Халық өскен сайын мектепте оқушылар саны да артатыны анық. Бастауыш кластан ары қарай оқуға мүмкіндік болмағасын, көптеген отбасылар 7 жылдық, 10 жылдық мектебі бар жерлерге қоныс аудара бастады. Сол кезде Жұмабек ата аудан, облыс басшыларына 8 жылдық мектеп салып беруін өтініп, хат жолдады. Өйткені бастауыш мектепті бітірген балалар басқа жерде оқуға мәжбүр болып, халық сергелдеңге түсіп жатқан тұс еді ол. Мектеп сол кезде Қазақстан теміржолының қарамағында болатын. Теміржолда қаржы көп. Осы жағдай туралы Жұмабек ата жалпы теміржолшылардың атынан газет-журналдарға да мақалалар жариялап, теміржол басшыларына да өзі барды. Тіпті, аудандық ауыл шаруашылық басқармасының балансында тұрған мектеп ғимараты етуге жарайтын  он үй мен екі казарманың күрделі жөндеуден өткізілуіне де мұрындық болып, бүкіл ауыл тұрғындарының атынан өтініш жазып, сол кездегі Ленин ауданының басшыларымен сөйлесіп, Шымкент теміржол бөлімшесінің басшысы Көпжан Мұхамеджановпен келісіп, ақыры дегеніне жетіп, 8 жылдық мектеп ел игілігіне берілді. Жалпы халықтың өтінішімен, Жұмабек атаның басшылығымен ауылдағы осы мектеп №364 қазақ темір жол мектебі болып ауыстырылды және мектеп жанынан интернат ашылды. Оған №41, 42-разъезден Қалаш, Ақпан, Қабылсай, Ақтас, Еспесай станцияларынан, Итарқа, Тоғанассайдан бастауышты бітірген балалар қатынап оқыды. Осы №364  8 жылдық темір жол мектебіне Жұмабек атаның бұрынғы ұстазы Жанбатыров Орынбасар директор, атамыз директордың оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болыпты.

Жұмабек ата – тарих пәнінің мұғалімі, Шағыр елді мекеніндегі тұңғыш тарихшы ұстаз. 1969 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан темір жолы бойынша темір жол мектебі директорларының семинарына барған мектеп директоры Жанбатыров Орынбасар сол жерде қан қысымы көтеріліп қайтыс болған соң, Қансейтұлы Жұмабек мектеп басшылығын қолға алды. Жас директор Қансейтов Жұмабек өз ауылын көркейту және жаңа мектеп үйін салдыру үшін аянбай еңбек етті. Қарт теміржолшылардың, ардақты аналардың, еңбек ардагерлерінің атынан жоғарғы жаққа хат жаза бастады. Сол кезде Жұмабек ата жергілікті кеңестің депутаты болып та сайланды. Сол депутаттығын пайдаланып, жаңа мектеп салу үшін және мектепті 11 жылдық мектепке айналдыру үшін аянып қалмады. 1988 жылы Ұлы Отан соғысы ардагерлері Әбдікәрімов Әліхан мен Әшірбеков Махан аталарды ертіп сол кездегі облыстың бірінші хатшысы Терещенкоға да кірді. Шымкент теміржолының бастығы Салықбаев Әуезханға да барды. 1989 жылы Арыс ауданында Айтаханов Қуаныш бірінші хатшы болып келгенде ол кісіге де мектеп туралы барлық жағдайды түсіндіреді. Айтаханов Қуаныш келісім беріп, мемлекеттік бюджеттің есебінен 320 балалық екі қабатты мектеп үйін салу проекті жасалады. Сонымен 1992 жылы мектеп құрылысы басталғанымен, «жылдың соңына дейін бітіріп, оқушыларды кіргіземіз» деп уәде берілгенімен, мамыр айында Айтаханов Қуаныш басқа жұмысқа ауысып кеткесін, «Шымкент трестстрой» бастығы Оңалбек барлық техникаларын, жұмысшыларын алып бастаған жұмысты тастап кетеді. Мектеп сол  күйінше салынбай қалып қояды. Тек 2000 жылы Жұмабек атаның шәкірті Сатынбеков Шаймерден Арыс ауданына әкім болып сайланғасын ғана аудан қарамағындағы барлық мекемелердің басшыларын жинап асарлатып, салынбай қалған мектептің орнынан жаңа мектептің іргесін көтереді.

Жұмабек ата  депутаттық мандатын пайдаланып, облыс басшыларына, Қазақстан жоғарғы кеңесіне хат жазып, 1990 жылы мектепті 11 жылдық мектепке айналдырды. Монтайтас-Шымкент арасына үлкен асфальт жолдың салынуына да бастамашы болып, жұрт алғысын алды. Жұмабек ата сонымен қатар мектеп 10 жылдық болуы үшін бала саны көп болу керек екенін түсініп, ауылдағы жас отбасыларға бала санын көбейту үшін үгіт-насихат жүргізді.

Анамыз – алтын құрсақты ана, 14 баланы дүниеге әкелді. Қазір атаның 42 немересі, 20 шөбересі бар. Тәубе, атаның армандаған және өзі бастап салынбай қалған мектеп үйі салына бастады. Мектеп қазіргі талапқа сай салынып жатыр. Атаның өзі өнегелі өмір белестеріне көз жібере отырып: «Осы ауылда туылып, кіндік қаным осында төгілді. Мен алғашқы мектеп табалдырығын аттағанда мектепте қиқы-сиқы алты парта ғана бар еді. Ал қазір жаңа типті үлкен мектеп салынып, бітуге жақын қалды. Биыл ауылдан мектеп ашылғанына 71 жыл болыпты. Менің арманым осы еді»,- дейді.

Мектеп 1990 жылы алғаш ашылғанда ауылдың атымен Шағыр 11 жылдық мектебі деп аталған. Мектептің атын қоюда да көптеген таластар болды. Әркім өзінің атасының, ағасының атын қойғысы келді. Ал Жұмабек ата мектептің аты «Абылай Тілеубердин» болғаны дұрыс деді. «Түркісіб» теміржолы 1903-1907 жылдары салынған екен. Сол кезде жұмыссыз жүрген қазақтар осы темір жолға келіп қара жұмысшы болып орналасады. Соның бірі – Қаржаубаев Тілеуберді. Ол кезде ешқандай разъездің аты жоқ. Тілеуберді темір жолға жақындау жерге келіп тіршілік кешеді. Абылайды әкесі Шымкенттегі мектепті бітірген соң, Ташкент қаласындағы САГУ-ге оқуға түсіреді. Ол жерден жоғары білім алған  Абылай Алматы қаласына барып жұмыс істеп, оқу-білім министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрінің орынбасары және Марксизм-ленинизм мектебінің директоры болады. Содан соң ҚазМҰУ-ға ауысып, экономика факультетін ашқызып, соны басқарады. Жұмабек ата осы Абылай Тілеубердиннің өмір тарихын зерттеп, ауыл тұрғындарының барлығының басын қосып жиналыс жасап, мектепке осы кісінің атын қояйық деп шешім қабылдайды. Сол жиналыстың хаттамасын аудандық оқу бөліміне, аудан әкіміне, сондай-ақ облыс басшыларына, Қазақстан оқу министрлігіне жіберіп, сол өтініш қабыл болып, қазір мектебіміз Абылай Тілеубердиннің атында. Бұл да атамыздың ел үшін атқарған игі істерінің бірі.

Ешкімнен қаймықпай, елдік мәселеде турасын айтып жүретін атамыздың адамдықты, адалдықты өлшейтіні баршаға аян. Ол өзі ақпейіл, адал болғандықтан, өзгелердің де сондай болуын қалайды. Әлі де тың. Ауыл, ауданның өзекті мәселесін шешуге араласып, үн қосып отырады.

Меніңше, үлкенмен де, кішімен  де етене араласып, жұрт жоғын жоқтап, туған жерде өз қызметін мінсіз атқаруға барын салған, халық үшін ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен Жұмабек атадай ел перзенттерін жас ұрпаққа насихаттай беру керек.

Жұмабек Нұрмұхамед Дінмұхаммедұлы

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.