Шер емей немене, шемен емей немене?!

«Қайсы бірін айтайын, шандыр бетім тартайын» деген екен заманынан теперіш көріп, запыран шеккен әжелеріміз. Қайсы бірін сұрайсың, бір басымызға жетерлік шер мен шемен жатыр ғой ішімізде. Біразын жоғарыда айттым, қоғамды қарадүрсіндік жайлап, қымбаттың – арзандағаны, арзанның аспанға шығуы, тілдің құрдымға кетері, ділдің тұманда қалуы, айтылған сөздің ем болудан кетіп, ауыздан шыққан жел есебінде болуы, «ақша» деген әзірейілдің үстемдік құруы, ұлдың – жетесіз, қыздың кепиетсіз қылығы, басымыздан өткен ең отты, қуатты боларлық отыз жылыңды жемқорлар жетегіне алып билікті жайлағаны, қалған өміріңнің өкінішпен өтері – қайбір жақсылық дейсің… Ертеңін ескермеген еліңнің кешегі шенділерінің сыйқы – анау! Шер емей немене, шемен емей немене?!

Қазақты қорлап, жамандап, шетелдік шиырларға жария ететін, етегімізді ашатын, сөйтіп, сөлкебай сүйретіп келген, қағынан жеріген құландардың қыртымбай киноларын айтып отырсың ба? Экранымызды жаулап алған түріктің, парсының, кәрістің киноларын қарашы, қағанатын қалай асқақтатады, тарихын қалай тәпсірлейді. Олар өнерге бөлінген ақшаны іздеп микроскоппен қарамайды, ұлт­тық санаға лупамен сәуле түсіреді, ұрпағына ұлтжандылықты шегендеп, есіне салады. Сол қасиет­ті қағбаға кететін қаражатты біздегі бүйіріне пышақ айналмайтын берекесіз шенділер сынды өңештен өтіп, үй артындағы қалажайға нәжіс боп түскен қаржыны шұқылап, боқ ішінен қазбалап қылмыс іздемейді. Ертеңін көздейді. Жылап ішіп, шыңғырып дәрет сындыратын дәлдүріштен өрелі өнер тумайды.

Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ

qazaqadebieti.kz

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.