Шымкенттік полицейлер карантин режимін бұзып, туылған күн өткізгендерді анықтады
Шымкент ҚПД Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері карантин талаптарының сақталуын бақылау мақсатында күнделікті рейдтік іс-шара жүргізуде. 2021 жылдың 25-мамырында сағат 22:58-де аудан аумағында орналасқан «Нарлен» кафесі карантиндік шектеулерді бұзып 20 адамнан асатын «Туылған күн» өткізіп жатқанын анықтады. Келушілер әлеуметтік арақашықтықты сақтамай отырғандығы белгілі болды. Сондай-ақ, қызметкерлер мен даяршылар кафе ішінде бір реттік бетпердені толық тақпай қызмет көрсеткен.
Аталған жайт бойынша, карантин талаптарын сақтамай жұмысын жалғастырған кафе әкімшісі түсініктеме беруден бас тартқандықтан, акт түзілді. Жинақталған іс-құжаттар шара қолдану үшін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Осы орайда, Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері бекітілген қаулыны ескермей, әлі той-жиын өткізіп жатқан тұрғындарға бұл өздерінің ғана емес, өзгелердің де өміріне қауіп төндіріп жатқанын ескертеді.