Сұлулық сыры. Элизабет ХЕРЛИ: Әрдайым қалаулы бол!
Әйгілі бриткандық актриса, продюсер, фотомодель және дизайнер Элизабет Херлидің жасы – 52-де. Соған қарамастан, ол әлі күнге тартымдылығын жоғалтпай, талай ер-азаматтың жүрегіне шоқ салуын тоқтатқан жоқ. Сұлу сымбатында бір міні жоқ Элизабет кез-келген жас арумен тайталаса алады. Мұның құпиясы неде екен?
1. Дұрыс тамақтану және ақылға сыйымды диета
Сөйтсек, оның ас мәзірінде нан, макарон өнімдері мен чипс дегендер мүлде жоқ болып шықты. Элизабет қуырылған тағамдарды мүлде жемейді және газдалған суынға тіпті жоламайды да. Оның ас үстелінен тек балық, қоңыр күріш, көкөністер мен жемістерді ғана көре аласыз. Ал таңертең оянысымен бір стақан таза су ішу – оның күнделікті әдеті. Үлкен сахнаға шығу қажет болғанда, Элизабет бескүндік диетаға өтеді. Бұл диетаның ерекшелігі, онда қант пен тұзға мүлде орын жоқ. Жеміс салаттары, майсыз тауық еті мен көк шай оған сұлу сымбатын сақтауға көмектеседі.
* Йога, таңғы жүгіру және таза ауа
Элизабет терезені ашып ұйықтағанды жақсы көреді, себебі, таза ауа теріні сауықтырады. Бұған қоса аптасына бірнеше күн йогамен және пилатеспен айналысады, ал таңертеңгісін керіліп-созылу жаттығуларын жасайды. Херли негізінен қала сыртында тұрады, яғни фитнес-клубтарға баруға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, өзінің сүйікті иттерін ертіп, сағаттап далада жүгіргенді жақсы көреді. Салқын душ пен теріні ысқылау – денені сергек ұстаудың ең тиімді тәсілі деп есептейді актриса. Ол үнемі макияжбен жүретінін де жасырмайды, оған әрдайым тартымды болып көрінген ұнайды. Элизабеттің ойынша, ер-азаматтың махаббатына бөленуді қалаған әрбір әйелдің жанында міндетті түрде тері күтіміне арналған маскалар мен бальзам болуы тиіс.
* Ванналар
Элизабет Өлі теңізден әкелінген ірі тұз түйіршіктері салынған жылы ванна қабылдағанды жақсы көреді. Бұл емшара денені босаңсытып, күндізгі ширығуды басып қана қоймай, теріні тығыз және нәзік етеді.
Және, ең бастысы, Херли жұлдызды модель ретінде әдемі киіне алады. Сондықтан, оның елуді еңсерсе де, танымал жорналдардың бетінен түспей, жас табынушыларының ортасында жарқырап жүруіне таңқалмаса да болады.