Төрегелді ШАРМАНОВ, академик: Ана тіліне менсінбей қарайтындар ұлттық тәрбиеден алыстамаса деймін!

Ұрпақ ұлттық тәрбиеден алыстамаса деймін. Өркениетке ілес, мүмкіндігіңді таныт, күшіңді дәлелде, бірақ өзіңнің тегіңді ұмытпа. Қай қиырға барсаң да, қай биікке шықсаң да жүрегің қазақ деп соқсын. Қоғамда өз тілін қор, өзгенікін зор санаған адамдар пайда болды.

Қазақ ондайларды «жөргегінен жеріген» дейді. Дүниеде бұдан ауыр сөз бар ма? Ана тіліне менсінбей қарап, өзге тілде шүлдірлейтін әлгілерің өздеріне «жаңа қазақтармыз» деп айдар тағатын көрінеді. Айналайындар-ау, өзінің қасиетін біліп қадіріне жетпеген адам қайда сыяды.

Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тілдердің бірі. Оның құнары, көркемдігі ешбір тілден артық болмаса кем емес. Қалай болғанда да ол сенің ана тілің, түп қазығың, айбарың, айбының. Одан жырақтап еш жерден береке таппайсың. Әрбір азамат өз тілін, салт-санасын құрметтеуі керек. Қазақы қасиет-қалыбымызды сақтау үшін тілді сақтауға тиіспіз.

Тіліміз, санамыз, мәдениетіміз бодандық құрсауынан босап, тәуелсіз дамуға бет алды, төл ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Енді жоғалған тарихымызды түгендеп, барымызға ие болатын кезеңдеміз.

adyrna.kz

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.