ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫНДА ЖАСТАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН КОНЦЕРТ ӨТТІ

Созақ ауданының орталығындағы «Достар» стадионында Жастар күніне арналған гала-концерт ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтті. Мерекелік кеште аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан жастарын айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Ертеңгі елдің бек тірегі, болашақтың бастауы, еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Ел болашағы жастарымыздың білімі мен күш-жігеріне, патриоттық сезіміне тікелей байланысты. Елімізде мемлекет тарапынан жастар саясатын жүзеге асырып, еңбекке, кәсіпкерлікке, білім мен ғылымға бейім жас азаматтарымызды қолдау мақсатында жүріп жатқан бағдарламалар мүмкіндіктеріңізді толық жүзеге асыру үшін жасалып отыр. Жас ұрпақ тәрбиесі қай заманда болмасын уақыт сөресінен түскен емес. Бүгінде аудан жастарын жеке тұлға етіп қалыптастырып, болашаққа деген сенімін нығайту, ізгілікке, еңбекқорлыққа, тапқырлыққа тәрбиелеп, бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жобаларды әр кез назардан тыс қалдырмаймыз. Ауданымызда бұл бағыт бойынша түрлі шаралар қолға алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сұлтанбек Қожанов атындағы ескі музей ғимаратын күрделі жөндеуден өткіздік. Жақын уақытта балалар шығармашылық үйіне арналып, пайдалануға беріледі. Құны 2 млрд. тан асатын заманауи үлгідегі спорт нысанының құрылысы басталды. Бұдан бөлек аудан орталығындағы Ақшал Мұқанов көшесінде орналасқан ғимаратқа күрделі жөндеу жұымыстарын жүргізіп, компютерлік және түрлі шығармашылық орталықтар ашу жоспарлануда, – деді аудан басшысы.

Концерт барысында Мұхит Тұрысбеков ауданда өз саласы бойынша жоғары дәрежеде қызмет еткен бірқатар жастарды алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат табыс етті. Сонымен қатар аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев аудан жастарына ізгі тілегін арнап, мәслихат аппараты атынан белсенді жастарға алғыс хат табыс етіп, құрмет көрсетті.

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ербол Ержігітов мерекемен құттықтап, аудан жастарына «Аманат» партиясының аудандық филиалы төрағасының алғыс хатын табыстады.

Аудан жастарының мерекелік кешінде аудандық «Созақ триосы» бастаған жас өнерпаздар мен «Созақ-Бай» жайдарман тобы, танымал тележұлдыздар ҚожаАхмет – Нұрбол, Бағдат – Бақдәулет, Даке, Қайрат Түнтеков, Думан Марат өз өнерін ортаға салып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Айта кетейік, өңірде 12 тамыз – Халықаралық жастар күні ата өтіледі. Ал 16 тамыз – Созақ ауданында Жастар күні ретінде бекітіліп, айтулы мереке 2001 жылдан бері дәстүрлі түрде тойланып келеді. Мерекелік шараға жиналған жұртшылықтың қарасы артып, би билеп, шат-шадыман күйде тамашалады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.