ТҮРКІСТАН: ТӨТЕНШЕЛІКТЕР ҚЫСТА БАЛЫҚ АУЛАУ КЕЗІНДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІН ТҮСІНДІРДІ

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында қыс мезгілінде су айдындарында балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша брифинг өтті.
Баспасөз мәслихатында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қанат Карабалаев балық аулау тәртібін жан-жақты баяндады.
Жауапты сала өкілінің айтуынша, биыл республика бойынша балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамаған 14 адамның суға кету оқиғасы тіркелген. Облыс бойынша 1 қайғылы оқиға орын алған. Төтенше жағдай басқармасының мамандары балық аулауға байланысты, тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді.
– Қыс мезгілінде су айдындарында қауіпсіздік шараларын сақтау үшін Түркістан облысы ТЖД және оның аумақтық бөлімшелері құзырлы мекемелермен бірлесіп, тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізіп келеді. Осы ретте, облыс тұрғындары мен қонақтарынан балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз. Сақтанғанды сақтайды, деген. Шағын көлемді кемелер және қайықтармен балық аулау кезінде өздеріңізбен бірге міндетті түрде медициналық қобдиша, қолшам, жергілікті жердің картасы және орналасқан орны туралы хабарлағыш құралдарды ала жүріңіздер. Сондай-ақ, мас күйде балық ауламау керектігін ескертеміз. Қайықтың жарамдылығы мен онда құтқару жилеті барын тексеріңіздер. Егер де төтенше жағдайға тап болсаңыздар, «101» немесе «112» нөміріне хабарласыңыздар, — деді Қанат Мәлікайдарұлы.
Брифинг барысында Түркістан облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асанғали Төлепбергенов, жылыту маусымы кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тұрғын үйлерде өрт профилактикасын жүргізуге қатысты республикалық және облыстық іс-шаралар жоспарлары бекітілгенін айтты.
Асанғали Мадиханұлының мәліметінше, өңірде 45 327 өрт қауіпсіздігінің кемшіліктері анықталып, оның 8 555-нің кемшіліктері жойылған.
Сонымен қатар, биыл аз қамтылған отбасылардың үйіне Түркістан қаласының әкімдігімен бірлесіп, 145 дана және Кентау қаласында 600, Арыс қаласында кәсіпкерлердің қолдауымен 200 газосигнализатор орнатылды.
Айта кетейік, азаматтық қорғау органы тұрғындар арасында тек қана үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен шектеледі. Үй иелерімен келісімді түрде тұрғын үйлерге кіріп, кемшіліктерді көрсетеді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.