ТҮРКІСТАН: ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖӘНЕ ЖЫЛЫЖАЙЛАРДЫ КӨМІРМЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ – ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысы әкімдігі аппаратының апталық мәжілісінде жылыту маусымына дайындық барысы және жылыжайларды көмірмен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға, аудан, қала әкімдеріне жылыту маусымына дайындықты сапалы жүргізуді тапсырды.

– Әлеуметтік нысандар, әсіресе, мектептер, денсаулық сақтау мекемелері жылыту маусымына 100 пайыз дайын болуы керек. Әрбір ғимаратты тексеріп, жұмыс жүргізіңіздер. Білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласына жауапты басқармалары бюджеттік мекемелердің жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізсін. Бюджеттік мекемелер қажетті қатты отын қорымен қамтамасыз етілсін. Аудан, қала әкімдері, барлық нысандардың, жылу қазандықтардың жылыту маусымына дайындығын пысықтаңыздар. Жылыжай бойынша былтырғы кемшіліктер қайталанбауы тиіс. Жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Сариеваның айтуынша, Түркістан облысында алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы облыста 1733 көпқабатты тұрғын үй бар. Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 686 көпқабатты тұрғын үйдің 574-і жылыту маусымына дайын.

2448 бюджеттік мекеменің жылыту маусымына дайындалғаны – 515. Өңірде196 білім мекемесі, 245 денсаулық сақтау мекемесі, 12 спорт нысаны, 58 мәдениет нысаны қысқа дайын. Жұмыстар жалғасуда.

Облыс бойынша көмір отынының қажеттілігі 1 млн. 154 мың тоннаны құрап отыр. Оның ішінде коммуналдық — тұрмыстық қажеттілігі – 245,1 мың. тонна. Тұрғындар мен жылыжайларға қажетті көмір – 908,9 мың тонна. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, бюджеттік мекемелер көмір сатып алуды 2023 жылдың 15 тамызына дейін аяқтауы тиіс. Бүгінгі таңға облысқа тасымалданғаны – 121,5 мың тонна (11%).

Жиында жылыжайларды көмірмен қамту мәселесі де сараланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспановтың хабарлауынша, Түркістан облысында 1517 гектарды құрайтын 3366 жылыжай бар. Жылыжайлардың негізгі бөлігі Сарыағаш ауданында – 812 га (54 %).

Өткен жылы ауа райының күрт суытуы салдарынан жылыжайларда бірқатар мәселе туындаған. Осыған байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен біраз жұмыс атқарылды. Нәтижесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жылыжайларда пайдаланылған электр энергиясы мен газ шығындары ішінара субсидиялау Қағидасы әзірленуде. Бюджеттік бағдарлама 2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің ұсынысына сәйкес, көмір отынын өндірушілерден тауарлық биржа арқылы жылыжай шаруашылықтарына тікелей сатып алу механизмі пысықталуда. Осы биржа арқылы жылыжай шаруашылықтарын бір қолдан көмір отынмен қамтамасыз ету үшін Сарыағаш ауданында «Zhylyzhai otyn» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды.

Жүргізілген талдау жұмыстарына сәйкес, облыс аумағында көмір отынымен жылытылатын 575,4 гектар жылыжайға 282,9 мың тонна көмір қажет екені анықталып отыр.

Мәжілісте басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жылыту маусымына дайындық және жылыжайларды көмірмен қамту бойынша тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.