Жолдау – болашағымыздың нақты бағдары

Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1 қыркүйекте өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын жариялады. Маңызды құжатта Президент жуық арада атқарылатын ауқымды саяси реформалар мен бірқатар әлеуметтік-экономикалық шараларды атап өтті.

«Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз» дей келе, Президент орындалуға тиісті міндеттердің негізгі бағыттарына толыққанды талдап, кеңінен атап өтті. Президент атап өткен әр бөлім қазақ еліндегі әрбір азаматтың көкейінде жүрген қандай да бір мәселесін шешу жолына арналып, ел дамуы мен халықтың өмірінде біршама жаңалықтар орнығатынын атап өтті. Жолдаудың негізгі бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналатынын баса айтты. «Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ, халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамытады. Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз» деді өз сөзінде. Алдағы уақытта орта және шағын бизнес бағытына аса көңіл бөлініп, мемлекет тапынан аз пайызды несие бөлу, жер телімдерін беру, тиімді жобаларды қолдау, кәсіпорындар ашу мәселелеріне жіті көңіл бөліп, қолдау көрсетілетін болады. Еліміздегі білімді, жаңашыл мамандарға қолдау көрсету, шетте жүрген сауатты жерлестерімізді елге шақыру, тіпті білікті шетелдік мамандарды экономикамыздың дамуына үлес қосуға тарту  қажеттілігі бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігін, әсіресе, ғылыми әлеуметі мол, таланты мен талабы кең жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі қажеттілігіне ерекше тоқталды. Бұдан былай жастарға  2-2,5 пайыз мөлшерінде несие берілетін болады. Шынында да елімізде ғана емес, көптеген әлемдік деңгейдегі түрлі ғылыми байқауларда өздерінің ғылыми жаңашылықтарымен, ізденістерімен топ жарып жүрген жастарымыз көп, алайда олардың енгізген жаңалықтары аяқсыз қалмауы тиіс. Бұл бағыт өте құптарлық бастама болғалы тұр.

Қандай да бір мемлекет болсын оның басты байлығы – адам. Елдің экономикасын да, әлеуметтік ахуалын да көтеретін сол адам ресурсы. Бұл нақты әрі айқын жәйт. «Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты». Енді бұдан былай «Самұрық-Қазына» қоры таза пайдасының кемінде 7 пайызын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударады, сондай-ақ, табысы мол кәсіпкерлер мен азаматтар қорға демеушілік көрсете беретін болады.

Экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажеттігіне тоқталған Президент атқарушы биліктің халықпен жақын, етене араласу, олардың талап-тілектеріне, пікіріне құлақ асу керек, жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде  орындағанын қалайды деді. Иә, орынды уәж. Бүгінде барлық көрсетілетін қызметтер цифрландырылып жатыр, келешекте толығымен көшіріліп, қағазбастылық жойылатын болады.

Жолдауда денсаулық сақтау саласына да жүргізілген реформалар одан әрі жалғасатындығына тоқталды. Әр ауылда кешенді емханалар, оқу орындарында медициналық мекемелер салынады, олар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетін болады. «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деді ел басшысы. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілгенімен, оның жағдайы әлі де жетілдіруді қажет ететіндігі өтірік емес. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіру үшін оны қаржыландыру, барлық жетілдірілген саймандармен, құралдармен жабдықтау қажет, мамандардың біліктілігін арттыру, арнаулы оқу орындарында инновациялық білімді жетілдіру, студенттердің практикалық біліктілігіне аса көңіл бөлу қажет. Осы орайда денсаулық сақтау саласына қаржы жеткілікті бөлініп, студенттер мен мамандардың біліктілігін арттыруға, сапалы қызмет көрсетілуіне бақылау күшейтілетін болды.

Президент айтқандай біз әділетті де орнықты мемлекет құруға, қоғамымызды ізгілендіруге, еліміздің тұтастығы мен халқымыздың бірлігін берік сақтауға, осы бағытпен өркендеудің жаңа сүрлеуіне бет алдық. «Жалғыз ағаш орман болмас» дегендей елімізде кездесіп жатқан қиын ахуалдарға, күрделі қайшылықтарға қарамастан Президент бізді ел мүддесі мен мақсатына орай жарқын болашаққа жетелеуде. Ендеше, ел басшысының саяси ұстанымы мен мақсатына, ерік-жігеріне қолдау көрсетіп, алдағы асуларды бірге асайық, ағайын!

ҚР ДСМ СЭБК Шымкент қаласы СЭБД

Қаратау ауданыныңСЭББ басшысы А.А.Пернеева

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.