Ғалам ғажайыптары. Жоғалып-табылған кемелер

 

1983 жылы шілде айында адам сенгісіз бір жағдай орын алды. Коломбодан шыққан «Милена» жүк кемесін жолда ортағасырлық қарақшылар шабуылдаған. Сөйтіп, небәрі бірнеше шақырымдық қана жерге бет түзеген кеме Бомбейге тек төрт айдан кейін ғана жеткен.

Бастапқыда үзбей байланысқа шығып тұрған кеме 7 сағаттан кейін ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Жоғалған теңізшілерді іздеуге жағалау күзеті мен әуе құтқарушылары түгелдей жұмылдырылғанымен, кеменің ізі де табылмайды. Ақыры ресми орындар оны суға батып кетті деген ұйғарым жасауға мәжбүр болады.

Ал шын мәнінде 12 шілде күні жолға шыққан «Милена» жүк кемесі алапат дауыл мен аса қуатты найзағайға тап болады. Кенет дауыл тоқтап, теңіз тынышталады да, аспанда күн шығады. Бұдан әрі орын алған оқиға жайлы борт журналында былай деп жазылыпты: «1983 жылы 12 шілде күні 14 сағат 08 минутта дауыл тынған соң, қай мемлекеттікі екендігі белгісіз желкенді кеменің шабуылына ұшырадық. Қолда бар құралдар мен борттағы «Томпсон» автоматының көмегімен шабуылдың бетін қайтардық. Шабуылдаушы жақтың бір адамы опат болды. Осыдан кейін өз бағытымыз бойынша сапарымызды жалғастырдық…».

Кейінірек теңізшілердің өздері әңгімелегендей, шабуылдаушылардың үстінде кинолардан көретін ескі заман үлгісіндегі қарақшы киімдері болған және олар түсініксіз тілде айқайлап, бірдеңелерді айтқан. Ал жаңағы опат болып, мәйіті қалып кеткен бір қарақшының үстінде ешкі терісінен тігілген жеңсіз киім және жалпақ қайыс белбеу болған. Белбеуінің астына үлкен пышақ қыстырылған. Ол қырынбаған және шамасы, сабын мен тіс пастасы дегенді өмір бойы көрмеген сияқты…

Кеме капитаны Уильям Тукер қарақшының мәйітін мұздатқышқа салып, киімдері мен пышағын сейфке салып қоюды тапсыруы мұң, кенет қайтадан дауыл тұрып, найзағай ойнай бастайды. Бәрі тыншып, қалпына келген соң, бортинженер Коломбо мен Бомбей порттарымен байланысқа шығып, өздері жайлы хабар бергенде: «Сендер табылдыңдар ма? Демек, тірі екенсіңдер ғой?» деген жауапты естіп, таңқалады. Кеме командасы қазір күнтізбеде қазан айы екенін және оларды бәрі өлдіге санап қойғанын тек сол кезде ғана естиді. Ал теңізшілердің өз есебі бойынша, кеме еш жаққа бұрылмай, еш жерге бес минут та аялдамай, үнемі өз бағыты бойынша жүріп отырған.

Айлаққа келіп жеткен соң, тергеу басталып, кемеге тиелген жүк – цейлон шайының сапасы бірнеше айда қатты бұзылып кеткені анықталады. Ал кемедегі қарақшының денесі ұшты-күйлі жоғалып кеткенімен, оның заттары аман сақталыпты. Арнайы зерттеу олардың расымен де XVI-XVII ғасырларда жасалғанын көрсетеді. Сондай-ақ, кеменің ішінен осыдан үш ғасыр бұрын жасалған қарулардың іздері табылады.

Кеме капитанын кемедегі аспаптардың көрсеткіштерін өзгертіп, алаяқтық жасады деген айыппен жұмыстан босатады. Бірақ, мамандар тиісті аспаптардың ешқайсысы ашылмағанын, яғни ондағы көрсеткіштердің өзгертілуі мүмкін еместігін анықтайды. Демек, Тукер де, оның экипажы да өтірік айтпаған.

Ақыры ғалымдар кеме уақыт кеңістігінде біраз адасып қалған деген тұжырым жасайды. Бірақ, кемедегі қарақшаның денесі қайда кетті? Ғалым Чарльз Мурей бұл туралы: «Мәйіт біздің уақытымызға тап болған соң, кәдімгі адамның денесінде болатын химиялық процестерден өтіп, ыдырап кетуі мүмкін. Шын мәнінде, ол осыдан үш ғасыр бұрын өлді емес пе? Ал оның киімі мен пышағының сақталу себебі, заттардың өз иесіне қарағанда ұзақ жасайтынына мұражайдағы жәдігерлер куә», — дейді.

***

Арада 9 жыл өткенде Үндістанның «Теңіз жұлдызы» кемесі Бомбейден Малайзияға бет алады. Оның бортында 39 адамнан тұратын кеме командасынан бөлек, 10 турист те болған. Саяхаттың бесінші тәулігінде дауыл тұрып, апатқа ұшыраған кеме SOS дабыл белгісін жібереді. Дауыл тынған соң, кеме радардан жоғалады. Оны құтқарушылар 3 күн бойы тынбай іздейді, бірақ, соңғы рет рет тіркелген жерінен кеменің қалдықтары да табылмайды.

Арада үш жыл өткенде дәл сол аймақтан, қайдан шыға келгені белгісіз, бір кеме пайда болып: «Бәрі дұрыс» деген хабарлама жібереді. Байланысшылар бұл сөздің нені білдіретінін түсінбей, аң-таң болады. Ал бұл кеменің баяғыда жоғалған «Теңіз жұлдызы» екенін білгенде, жағалау күзетіндегілер тіпті шарасыз күйде қалады.

Олар айлаққа жеткен кеме капитаны мен оның командасына бұл кеменің үш жылдан бері жоғалғандар тізімінде екенін айтқанда, теңізшілер мұны әзіл деп қабылдайды. «Қайдағы үш жыл? Дабыл белгісін біз осыдан екі сағат бұрын ғана жібердік қой!», — дейді олар күліп. Сосын бәрі жамыраса теңіз дауылымен қалай күрескендерін әңгімелей бастайды…

«Теңіз жұлдызы» Бомбейге жан-жақты тергеп-тексеруге жіберіледі, бірақ оның нәтижелері жарияланбай, құпия күйінде қалады…

Ұқсас ақпараттар Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.